Көктемнің шуағы әр жүрекке жылу сыйлайды…
Терезе сыртында қыстың лебі әлі сезілгенімен, күнтізбе көктемнің келгенін аңғартады. Ал көңілде оның нәзік шуағы біртіндеп сезіле бастайды. Әсіресе жанында ойы терең, сөзі әсерлі адамдар болып, сұлулық, өмір, көктем мен мереке жайлы сырлы әңгіме өрбігенде, көктемнің тынысы айқын сезіледі. Наурыздың алғашқы күндерінде Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейі қызметкерлері көктемнің шуағын өздерімен бірге ала келуді ұйғарды. Жанар Абешова мен Юлия Сивашова Абай облысы Семей қаласының арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы КММ-не арнайы барып, оның келушілері мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қонақтарына музей қорындағы туындылардың репродукцияларынан құралған «Туған өлкенің көркі» атты көрмені ұсынып, «Тамыры терең дәстүрім!» атты танымдық викторина өткізді.
Көрме бойынша экскурсия мен зияткерлік викторина барлық қатысушыларға сергек көңіл күй мен жаңа әсер сыйлады. Ақиқат па, әлде аңыз ба? Қазіргі дәстүр ме, әлде көнеден жеткен салт па? Наурыз мерекесінің тарихы қайдан бастау алады? Қазақтың ұлттық аспаптары қалай үн қатады? Осындай білімді талап ететін, ойлануға жетелейтін сан алуан қызықты сұрақтар қатысушыларға ойға азық болды. Ал туған жердің көркі Әбілхан Қастеев, Камиль Шаяхметов, Салихитдин Айтбаев, Валентин Христолюбов, Владимир Третьяков, Валентин Шипило және өзге де суретшілердің туындыларында көркем бейнеленіп, жүрекке қуаныш сыйлады.
Барлық қатысушылар терең білімдерін көрсетіп, өтіп жатқан шараға шынайы қызығушылық танытты. Бұл кездесу орталық иелері мен қонақтары үшін де әсерлі әрі жарқын оқиғаға айналып, баршаға көктемгі көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Құрметті достар, келе жатқан Наурыз мерекесі құтты болсын!









