26.02.2026

МУЗЕЙ КОЛЛЕКЦИЯСЫМЕН ТАНЫСТЫРАДЫ. ҚОРДАҒЫ ЭКСЛИБРИСТЕР

Музей қорын зерделеу және оны көпшілікке ұсыну бағытындағы ғылыми жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Осы үдерістің маңызды бөлігі – каталогтар әзірлеу. Мұндай басылымдар зерттеу қорытындыларын жинақтап, атрибуцияларды нақтылап, музей коллекциясын кәсіби орта мен кең аудиторияға жақындата түседі.

Осы рухани ізденістер аясында 25 ақпан күні музей қабырғасында «Абай облысының Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейі қорындағы экслибрис каталогының» тұсаукесері өтіп, «Экслибрис. Үлкен өнердің шағын нысаны» атты көрме шымылдығы ашылды.

Бұл кеш музей кеңістігін жаңа мағынамен байытып, шағын форматтағы графикалық туындылардың терең мазмұны мен нәзік көркемдік әлемін көпшілікке жақындата түсті.

Аталған каталог – музей қорындағы кітап белгілерін жылдар бойы зерттеудің нәтижесі.

Экслибрис – шағын пішінді болғанымен, мазмұны терең, сырға толы жанр. Ол кітап мәдениеті мен графикалық өнердің тоғысқан тұсында дүниеге келеді. Бір қарағанда қарапайым ғана кішкентай парақтың өзінде суретшінің қолтаңбасы, кітап иесінің рухани әлемі және туынды дүниеге келген дәуірдің тынысы сақталады.

Ал атрибуциялық ізденіс нағыз зерттеушілік зерде мен табандылықты талап етті: көмескіленген даталарды айқындау, авторлықты анықтау, басылымдармен және өзге жинақтардағы ұқсас нұсқалармен салыстыру – бәрі де мұқият зерделенді. Әсіресе кейбір туындылардың авторын қалпына келтіру жұмысына ерекше көңіл бөлінді. Осылайша шағын ғана экслибрис парақтары үлкен тарихтың үнін қайта сөйлетті.

Тұсаукесерден кейін, қонақтар көрмедегі кітап белгілерін тамашалады. Экспозицияда 48 автордың 70 жұмысы ұсынылған.

Scroll to Top