05.07.2026

Музейдегі домбыраның қоңыр сазы

Шілде айының алғашқы жексенбісінде Қазақстанда Ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Бұл мереке 2018 жылғы 13 маусымда бекітілді. Ол ұлттық мәдениеттің байлығын, ұрпақтар сабақтастығын және халықтың рухани құндылықтарын дәріптейді. Домбыра – ежелден тек музыкалық аспап қана емес, халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін және тарихи жадын сақтап келген қазақ болмысының басты нышандарының бірі. 2014 жылғы 26 қарашада Париж қаласында өткен Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің 9-сессиясында қабылданған ЮНЕСКО шешімімен домбыра мен күй адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді.
Осы мерекелік күндері Абай облысының Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде де келушілер үшін домбыраның қоңыр үні күмбірледі. Белгілі суретшілердің туындыларын тамашалап, экскурсияны тыңдаған немесе көрмемен өз бетінше танысқан музей қонақтары күйші-домбырашылар Арман Жүдебаевтың, Абылай Тілепбергеновтің, Нұржан Тәжикеновтің және Ержан Жаменкеевтің орындауындағы күйлердің аудиожазбаларын тыңдап, домбыра жасау үдерісімен танысты, сондай-ақ «Dombyra 100 OYU Special» музыкалық жобасынан бейнематериалдарды тамашалады. Аталған жоба үзіндісінде жүзге жуық жас домбырашы композитор Құрманғазы Қалиевтің «Мен қазақпын» әнін орындайды. Наурыз мерекесіне орай Алматы қаласында жүзеге асырылған бұл жоба домбыра өнерінің жас ұрпақты біріктіріп, ұлттық музыкалық мұрамыздың заманауи мәдениетте де өз жалғасын тауып келе жатқанын айқын көрсететін жарқын бастамалардың бірі болды.
Осының нәтижесінде өнер мен музыканың жарасымды үйлесімі қалыптасып, мәдени құндылықтарды сақтау, тарихи мұраға құрметпен қарау және отансүйгіштік рухты тәрбиелеудің маңызын айқын көрсетті. Бұл – мемлекеттік мерекелердің негізгі мазмұнын құрайтын әрі Қазақстан Республикасы Конституциясының құндылықтарымен үндесетін маңызды қағидаттар.

#Домбыра #ҰлттықДомбыраКүні #Қазақстан #ҚазақМәдениеті #НевзоровтарМузейі #АбайОблысы #Өнер #Күй #МәдениМұра #ЮНЕСКО #Семей

Last updated on 7 июля, 2026 at 09:03 пп

Scroll to Top