14.03.2026

Табиғаттың үні қандай?

Табиғаттың сан алуан үні бар. Жазда жапырақ сыбдыры естіледі, көктемде бұлақтар сыңғырлап ағады, қыста қар сықырлайды, ал жазда құстар әуенге салады. Табиғат сан түрлі үнге толы алып симфониялық оркестр іспетті. Алайда оның әуені кейде машиналардың гүрілінде, зауыттардың гуілінде, қаланың айқай-шуында көмескі тартып қалады. Тынымсыз заманауи өмірдің ала-құла дабылының арасынан әлемнің үйлесімді үнін есту барған сайын қиындай түседі. Соған қарамастан табиғатты тыңдай алатын жандар бар. Таңғаларлық жайт, олар табиғат үнін фотокамера объективі арқылы сезеді. Олар уақытты бір сәтке тоқтатып, табиғаттың әсем мезеттерін кадрға түсіре алады. Кейін сол сәттерді өзгелермен – түрлі себептермен бұл сұлулықты естіп, сезіне алмай жүрген жандармен бөліседі.

Бұл адамдар – фотосурет шеберлері. Олардың туындылары Невзоровтар әулеті атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінде әр кезеңде өткен түрлі фотокөрмелерге қатысқан. Ал енді сол жұмыстар «Табиғат үндері» атты көшпелі көрме аясында Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында жас көрермендердің назарына ұсынылып отыр. Олардың фотосуреттерінде көк-жасыл шөп жамылған айбынды таулар асқақтай көтеріліп, зеңгір аспанға қарай ұмтылады немесе, керісінше, түнерген бұлттарға тірелгендей көрінеді. Көңілді тау бұлақтары мұздай мөлдір суын сыңғырлата ағызып, алысқа қарай асығады. Орман иесі – алып сұр қасқыр – өткір жанарымен тесіле қарайды. Ал бірнеше есе үлкейтіліп көрсетілген түкті өрмекші ертегідегі дәу секілді өз иелігін аралап, қулығы мол торларын тексеріп жүргендей әсер қалдырады. Желмен тербелген гүл айналасына нәзік хош иісін таратып, ал самал жел өз мұңды әуенін баяу ғана ыңылдайды.

Табиғаттың үнін есту оңай емес. Ол үшін жүрекпен тыңдап, зейін қою керек. Мұндай сезімді оятуға ең алдымен шығармашылық көмектеседі. Фотокөрмені тамашалаған кішкентай көрермендер де шабыттанып, өздерінің «ән салған», үнге толы табиғатын бейнелеп көрді. Бұл жолы оларға музей қызметкерлері Жанар Абешова мен Наталия Неделькина көмектесті. Балалар акварель мен балауыз қарындаштарды пайдаланып, табиғаттың өздері естіген әуенін, өздері сезінген сұлулығын қағаз бетіне түсірді. Шығармашылыққа берілген бүлдіршіндердің қуанышы ерекше еді. Олардың шат көңіліне ұстаздары да ортақтасып, бәрі бірге өнердің шынайы ләззатын сезінді.

Музей қызметкерлері Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына шығармашылық сабақтармен алғаш рет келіп отырған жоқ. Мұнда тәрбиеленіп жатқан әр баланың өзіне ғана тән, қилы өмір жолы бар. Осындай сәттерде өнермен қауышу олардың күнделікті өміріне аз да болса жылу мен жарық сыйлайды деп сенеміз. Бәлкім, бұл жолы да табиғаттың сұлулығын сезіну және өз қолдарымен сурет салу сәтіндегі толқу балалардың жүрегіне бір тамшы қуаныш сыйлаған шығар. Сол кішкентай қуаныш олардың өмір жолындағы қиындықтар мен сынақтарға төтеп беруге күш-қуат береді деген үміттеміз.

 

Scroll to Top