Өнегелі өмір жолы. Салт‑дәстүрге құрметпен… Омарғалиева Нағым Солтанқызы.
Наурыз мейрамы – жаңару мен жаңғырудың, ұлттық рух пен салт-дәстүрдің салтанат құрған мерекесі. Соңғы жылдары елімізде бұл мереке аясында «Наурызнама» онкүндігі ұйымдастырылып, әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып келеді. Соның бірі – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні». Бұл күн халқымыздың рухани мұрасын, мәдени құндылықтарын, соның ішінде қолөнерді дәріптеуге бағытталған.
Қазақ халқы үшін қолөнер – жай ғана кәсіп емес, ол – тәрбие құралы, эстетикалық талғам мектебі, ұлттық кодтың бір бөлшегі.
Ұлттық мұра – ұлттың айнасы болып келген бүгінгі жаһандану дәуірінде, ұлттық өнерді сақтау мен дамыту аса маңызды міндет. Наурызнама онкүндігі аясындағы «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» осындай игі бастамаларға жол ашады. Бұл ұлттық бірегейлігімізді нығайтатын, тарих пен бүгінді жалғайтын рухани көпір.
Осы орайда ұлттық қолөнерді жаңғыртып, оның қадір-қасиетін жас ұрпаққа насихаттап жүрген Абай облысының қолөнер шебері Омарғалиева Нағым Солтанбекқызы.
Ұлттық өнерді ұлықтаған шебер Нағым Солтанбекқызы қазақтың дәстүрлі қолөнерін заманауи нақышпен үйлестіріп, ұлттық болмысты сақтай отырып, тың туындылар жасап жүрген талантты шебер. Оның шығармашылығының басты ерекшелігі ата-бабадан мирас болып қалған ою-өрнектеу, кесте тігу, құрақ құрау, ши тоқу, сәндік-қолданбалы бұйымдарын жасау өнерін жаңаша сипатта дамытуы.
Нағым Солтанқызының шығармашылығы соның жарқын дәлелі. Оның еңбектері арқылы ата-бабамыздың бай мұрасы қайта жаңғырып, заманауи сипатқа ие болуда. Шебердің әр туындысы ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктің, дәстүрге деген құрметтің көрінісі.
Нағым Солтанбекқызының жалпы өзіндік ұстанған өмір сүру салтына көз жүгіртер болсақ, бір тал бойына тоғысқан жан-жақты талант иесі, бір сөзбен айтқанда, нәзіктіктің үкілі үлгісі үндескен сегіз қырылы бір сырлылы жандардың бірі. Өзіндік туа біткен елгезектігімен әртүрлі өнер түйіндерін сонау бала қызығушылықпен ертеден тарқата білген. Кейін өмір қажеттілігінде осы бір өнер иірімдерін өз қажеттіліктерінде ұтымды әрі тиімді пайдалана білу арқылы, сан қырлы жетістіктерге қол жеткізеген талантты өнер иесі десек артық айтпаған болар едік.
Қазіргі таңда 85- тің төріне шықса да Нағым әжені өз ортасы, он саусағынан бал тамған қолөнер шебері, ауылдың алтауызымен жыр қисаларын жырға қосқан жыршы әрі оны халық арасына дәріптеуші ретінде, ал өз әулетіндегі туыстары, шығу тектерімен ру тармақтарын түгендеп, ұрпақ жалғастығы үшін кітап бетіне түсіруден жалықпаған шежіреші әрі ақылшы әжей ретінде жақсы таниды, әрі құрметтейді.
Соқпағы көп өмірдің бейнетіне қажымай, өз ізденісімен өмірдің мәдени жолында дұрыс таңдау жасап, бүгінгі күнде уақытын мағыналы өткізіп, барша бастамаларын өнер мен рухани өсуге арнаған нәзік жанды, шынайы талғамы мен терең әлемі бар тұлға туралы толығырақ тоқталатын боламыз.
Болашақ шебер, 1941 жылы Жарма ауданы бұрынғы «Михайловка» совхозы қазіргі «Қызылағаш» ауылдық округіне қарасты «Еңбекші ауылында көп балалы шағын шаруа отбасында дүниеге келген.Үйдің кенжесі болғандықтан, анасымен совхоз шаруашылығындағы жұмыстарда үнемі ілесіп жүріп еңбекке ерте араласқан. Сол кездегі соғыстың басталуы әкесінің майданға аттануы күнкөрістің қиындығы кішкене қызды ерте есейтеді.
Бала күннен тоқыма тоқып, киіз басып, сырмақ сырып, кесте тігіп, құрақ құрап машықтанып өскен Нағым әже ертеден ауылдық, облыстық және халықаралық көрмелерге қатысып айтулы дәрежелерге қол жеткізген шеберлеріміздің бірі. Шебер зейнетке шыққаннан кейінде бұл қолөнершіліктен қол үзбей өміріне ермек етіп ары қарай дамыта түскендігі бар.
Нағым Солтанбекқызы осы қолөнершілік жолындағы алғашқы жетістігі 1985 жылдары сонау «Скотовод» совхозында ұйымдастырылып келген шеберлер көрмесіне қатысып бас жүлдегер атануынан бастау алады. Жалпы шебер туралы 1979 және1986 жылы сол кездері совхоз атынан жарық көріп тұрған «Молшылық» газетінде «Свой почерк», «Халық шеберлерінің көрмесі» айдарларымен жарық көрген мақалалар Нағым әжемізге қолөнерге деген үлкен талпыныс болғандығын көруімізге болады. Содан бері қолөнершілік жолындағы өз ұстанымынан қол үзбеген шебер, осы күнге дейін халық шебері ретінде ел назарынан түспей, әр жылдары «Ертіс өңірі», «Семей таңы», «Спектр», «Дидар», «Арна», «Рудный Алтай», сонымен қатар, әртүрлі мәдени басылымдармен телеарна шақыртуларында болғандығы туралы осы күндері мақтан тұтарлық жетістіктер деп айтуымызға болады.
Әр жылдың жаңа жетістіктері Нағым әжемізді ары қарай жігерлендіре түсіп, ауқымды көрмелерден бөлек, халық шебері ретінде көптеген шаралармен ұрпақ жалғастығы үшін мектеп қабырғалары мен мәдени орындарда шеберлік сабақтарын өткізіп, білгенімен бөлісіп келген көлемді еңбек жолдарының өзі бір төбе. Айтып өтер болсақ, 2008 жылы Алматы қаласында Ұлттық қолөнер кәсіпкерлікті дамыту және жаңғырту бағдарламасы аясында ұйымдастырылған Республикалық шеберлік тренингке жаттықтырушы ретінде арнайы шақыртуға ие болып, төрт күндік семинарға қатысқан. Қалалық, облыстық және республикалық көрмелерге қатысушы. Осы өнер жолында көптеген марапаттарға қол жеткізген, соның ішінде Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейде өткен Орталық Азияның көркем және қолданбалы өнеріне арналған көрме-жәрмеңкесі (2008) ерекше орын алады, мұнда киіз, кілем тігу саласындағы үздік шебер атағына ие болған. Сондай-ақ, ол Семей қаласында өткізілген дәстүрлі қолданбалы өнердің II және IV аймақ штық көрме-байқауларына «Шеберлер шаһары» (2010, 2012) қатысушы ретінде,
VДүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өткен Аламан құрақ қатысушыларымен рекорд орнатқаны үшін «Тоқыма өнерінің майталманы» сертификатына 2024ж., Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Асыл мұра» қолөнер шеберлерінің облыстық фестивалінде «Тоқыма өнерінің майталманы» дипломына ие болды. Өнердегі жетістіктері үшін ол облыстық және қалалық әкімдік, Орталық Азия Евразия қоры және басқа да ұйымдардың сертификаттарымен, мақтау қағаздарымен және дипломдарымен марапатталған.
Қазақ елі егемендікке қол жеткізген жылдардан бері, кезінде кеңес заманында біраз ұмыт болған кейбір құндылықтарымызды, әр өңір көненің сарқытындай сақтап, әркім қолдан келгенше біразын түгендеп жаңғыртып келгендігі рас. Ел арасында естіген білгенін, өмірден көрген түйгенін, және ел аузында жүргенін кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру мақсатында, біраз көкірегі ояу, көзі ашық азаматтарымыздың шығарылым еңбектері, осы күндері рухани байлығымызды байыта түсіп, рухани қайта түлеуімізге үлес қосқандығы рас.
Осындай сегіз қырлы бір сырлылы тұлғаларымыздың бірі, сонымен қатар, шежіреші Нағым Солтанбекқызы, қазіргі таңда 85- тің төріне шықса да шамасы жеткенше ел аманатын арқалап келеді.
1999 жылы Нағым Солтанбекқызы зейнеткерлікке шыққан тұста, шығармашылық негізін қалаған Жарма ауданы Қалбатау өңіріндегі өскен ортасы мен өмірден көрген түйгендеріне құрмет көрсете отырып, естелік әңгімелер мен өлеңдер жинақтарынан тұратын «Өмір өткелдері» атты өзінің алғашқы кітабін 2005 жылы жарыққа шығарды. Сонымен қатар, 2009, 2015 жылдары «Байыстың: Ақымбет Сыбан — Түркі шежіресі» атты шежіре кітабы екі мәрте басылып шықты. «Шежірені жазудағы мақсатым-бұрынғы жүрген көне көз үлкендер өмірден өтіп жатыр, өз ата-бабасы шыққан тегі туралы ештеңе естімеген, ештеңе білмеген жаңа ұрпақтар өмірге келуде. Ендеше оларға қара ормандай қалың өз елінің серкедей қол бастаған батырлары жайлы, ата- бабаларының ата қонысы мен олардың ұрпақтары туалы жеткізу мына біздің парызымыз деп есептеймін. Сондықтанда ата-бабаның тарихына құрметпен қарайтын және олардың аруағын сыйлайтын келешек ұрпақ үшін осы шежіре кітаптарын жазуды қолға алдым»- дейді шебер.
«Шежірені ұғынып терең бойла,
Біліп жүрсін ұрпағың, оны да ойла.
Соқпағы бар, жолы жоқ жермен жүріп,
Аталарды іздедім кінә қойма»- деген әжеміздің мына өлең шумақтары соның дәлелі іспетті.
«Адамға жеті өнер де аз» демекші бала кезден анасының қасында жүріп ел ішінде көп тараған ауылдың алтыауызымен сусындап өскен Нағым Солтанбекқызы, өзіндік іздемпаздылығымен халықтың жыр дастандарын домбырамен ауыз екі орындаушылық өнерінен де кенде еместігін дәлелдеді. Ол 2004-2005 қазақтың байрақты Ұлы ханы Абылай туралы «Ер Сабалақ», Бура елінен шыққан батырлар туралы эпостық жырларын қазіргі ұрпаққа дәріптеп жүрген жандардың бірі. Әжеміздің әсіресе осы жыр орындау өнерінде Өскемен қаласында 2010 жылы өткен «Жыршылар жыршысы» атты облыстық жыр байқауы мен 2011 жылы өткен «Ғасырлар ескен – Есілім, жырлармен жеткен есімің» атты Республикалық жыршылар байқауында қол жеткізген жүлделі үшінші орын жетістігін айтып өтуге болады. Бұл байқауда Нағым әже ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» атты жыр-дастанын орындап, арнайы дипломмен марапатталып халық көзайымына айналған.
Нағым Солтанқызының өнегелі өмір жолы, салт‑дәстүрді құрметтеп, мәдениетімізді сақтауға қосқан үлесі – осындай ұлттық құндылықтарды бүгінгі заман талабына сай насихаттаудың жарқын үлгісі. Ол ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрдің мәнін түсініп, оны қоғамдық өмірде белсенді түрде дәріптеп келеді. Оның жасаған еңбегі мен жетістіктері қоғамдық игілік ретінде бағаланып, ұлттық руханиятымыздың байлығын арттыруда маңызды рөл атқарады. Ал осындай өнер иелері барда ұлттық құндылықтарымыздың ғұмыры ұзақ болары сөзсіз.





