Сахи Романов – өмірге ғашық, өнерге адал хас шебер
Абай облысы, Семей қаласында орналасқан Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінің қорында шығармашылығы ұлттық өнердің алтын қорынан ойып тұрып орын алған Сахи Романовтың он үш графика және кескіндеме туындысы сақтаулы.
Сахи Романовты қазақ бейнелеу өнерінің ірі шебері деп атаудың өзі аздық етеді. Ол – одан әлдеқайда биік тұлға. Суретші өз шығармаларында айналасындағы өмірді жай ғана бейнелеп, көргенін көңілге түйіп, адам сезімі мен санасына үн қатып қана қойған жоқ. Өнер оның табиғатына сіңіп, болмысының ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан Сахи Романовтың шығармашылығын оның өмір жолынан бөліп қарау мүмкін емес.
Ол туралы суретшілер жайлы қалыптасқан дағдылы үлгімен: дүниеге келді, білім алды, көрмелерге қатысты деп қана жазу жеткіліксіз. Оның өмірінің сыртқы белестері – тереңде жүріп жатқан рухани ізденістің сыртқы көрінісі ғана еді. Ал шебердің қылқаламын бағыттап, әр туындысына жан бітірген – сол ішкі рухтың қуаты.
Сахи Романовтың ғұмыры тағдырдың аса ауыр сынақтарынан өтті. Алты жасында қуғын-сүргіннің қасіретінен ата-анасынан айырылды. Одан кейін Қазақстан, Ресей мен Украинадағы балалар үйлерін паналап, ел кезіп өткен жылдар жалғасты. Соғыс жылдарында зауытта еңбек етті. Балалар үйінде оған басқа есім мен тегі берілді. Балалық шағының көп сәті оның жадында көмескіленіп қалды. Бірақ өзінің азан шақырып қойған аты – Сахи екенін ол ешқашан ұмытқан жоқ.
Бала үшін мұндай ауыртпалықты көтеру – адам сенгісіз қиын. Дегенмен Сахидің сол сынақтарға мойымай, өмірден өз орнын табуына демеу болған бір күш бар еді. Ол – сурет өнері. Қайғыда да, қуанышта да, қолы қалт еткен әр сәтте ол сурет салатын. Қағазға өзінің жан толғанысын түсіріп, сезімін өрнектеп, жүрегінде жатқан ең сырлы ойларын сурет арқылы жеткізді. Сөйтіп, уақыт өте келе өнер жай ғана әуестік емес, оның бүкіл өміріне айналды.
1940 жылдары Романов үшін кәсіби көркемдік білімнің есігі біртіндеп ашыла түсті. Ол Мәскеу көркемсурет училищесінде, кейін Ленинградта білім алып, 1955 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының көркемсурет факультетін тәмамдады. Оның ұстаздары арасында кеңестік бейнелеу өнерінің көрнекті шеберлері Федор Богородский, Юрий Пименов және Гавриил Шегаль болды.
Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының қабырғасынан түлеп шыққан соң, Романов Қазақстанға оралып, шығармашылық жолын «Қазақфильм» киностудиясында жалғастырды. Ол қоюшы-суретші ретінде фильмдердің көркемдік шешіміне атсалысып, декорациялар мен костюмдер әзірледі. Кинематография оның кәсіби ғұмырының маңызды арнасына айналып, суреткерлік дүниетанымы мен кескіндемелік ойлауына айрықша әсер етті.
1960–1980 жылдары Романов Қазақстанды кеңінен аралап, кино түсірілімдеріндегі жұмысын сурет салу және кескіндемемен ұштастырды. Ол жол бойындағы адамдардың тыныс-тіршілігіне, табиғат көріністеріне, күнделікті өмірдің алуан сәттеріне мұқият назар аударды. Әр сапар суретші үшін өзіндік шығармашылық ізденіс алаңына айналды: сапар барысында көңілге түйгендері кейін шеберханасында сурет, этюд пен картина болып қайта түлейтін.
Бүгінде оның шығармалары еліміздің көптеген музейлерінің қорында сақтаулы. Абай облысы, Семей қаласында орналасқан Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейіне келушілер де суретшінің шығармашылығымен жақынырақ таныса алады. Романовтың туындылары музей қорындағы жұмыстар негізінде ұйымдастырылатын түрлі көрмелерде жиі көпшілік назарына ұсынылып келеді. Қазіргі таңда музей қорында Сахи Романовтың жеті кескіндемелік және бес графикалық туындысы сақтаулы.
Музей қорындағы Романов шығармаларының арасында автопортреті де сақталған. Қолына қылқалам ұстаған суретші көрерменге қарау үшін жұмысын бір сәтке ғана кідірткендей әсер қалдырады. Ол сурет салуын тоқтатпаған, тек жанынан өтіп бара жатқан адамдарға көз тастау үшін аз ғана уақытқа назарын бөлгендей. Суретшінің артқы жағында тау, аспан мен жарыққа бөленген кең тынысты көркем әлем көрінеді. Бұл – салтанатты портрет емес, өзін атақты шебер кейпінде танытуға деген талпыныс та емес. Романов көрерменге сабырлы да байыпты көзбен қарайды. Оның жүзінде жұртқа ұнауға деген ниет байқалмайды. Ол өзін ең алдымен өз ісіне берілген, еңбектеніп отырған суретші ретінде көрсетеді.
Сахи Романов сурет өнерінің сан қырлы сырын меңгерген, қылқалам мен қарындашты виртуоздық шеберлікпен игерген суретші болды. Нық тартылған штрихтары мен қуатты сызықтары бейнеге жан бітіріп, кейіпкерлерінің болмысын айқын аша түсетін.
Музей қорындағы көлемді графикалық «Апа» туындысында көрерменнің алдына жасы ұлғайып, әлі де қарттыққа бой алдырмаған әйел бейнесі келеді. Әйтсе де оның жүзін өмір өрнектеген әжімдер әлдеқашан айқындап қойған. Еңбектен қажыған қолдары бел тұсында айқаса түскен. Ал өткір де нық, көп нәрсені үнсіз аңғартатын жанары көрерменді еріксіз тоқтатып, бұл бейненің жанынан жай ғана өте шығуға мүмкіндік бермейді. Әйелдің тұла бойынан асқақтық пен ішкі сабыр сезіледі. Ол желдің екпініне иілмеген алып ағаш секілді, тағдырдың талай тауқыметін бастан өткеріп, бәріне төтеп берген қалпында дүниеге үнсіз көз салады. Ол өмірдің парқын білетіндей. Сондықтан оның қаталдығына да, құбылмалы мінезіне де таңырқамайды. Бұл бейнеде мұң-шер де, мойынсұну да жоқ. Мұнда өмірмен бетпе-бет келуге үйренген адамның ішкі қуаты, қайсар рухы бар. Романов өз кейіпкерін әсірелеп, мінсіз етіп көрсетуге ұмтылмайды. Оның әрбір әжімі, киіміндегі әр қатпар, қолдарының ширығуы артта қалған жылдардың салмағы мен маңдай терге толы еңбекті үнсіз баяндайды. Алайда суретші дәл осы уақыт таңбасынан ерекше сұлулықты көреді. Ол – сыртқы сұлулық емес, адамның қадір-қасиетінен, төзімінен, қайсарлығынан және жан қуатынан туындайтын сұлулық.
Оның тағы бір графикалық туындысы – «Менің аталарым». Бір жерге жиналып, әңгіме-дүкен құрып отырған қариялар әртүрлі қалыпта бейнеленген. Әрқайсысының жүзі, көңіл күйі мен қимыл-қозғалысы сан алуан. Бірінен жасырынбайтын қызығушылық байқалса, енді бірінен байыппен барлайтын қатқыл көзқарас сезіледі. Бірі сабырмен тыңдап отыр, енді бірі болған жайтты күмәнмен бағамдайды, кейбірінің жүзінен таңданыс пен сенімсіздік қатар аңғарылады. Суретші фломастермен түсірілген бірнеше батыл да ширақ сызықтың өзімен-ақ қызу әңгімеге ұласқан осы бір сәтті дәл ұстап қалған. Әр кейіпкердің мінезі мен өзіндік болмысын қас-қағым мезетте таныта білгендей. Бұл көріністе әдейі қойылған жасандылық жоқ. Романов өз кейіпкерлеріне жылы, тіпті мейірімді әзілге толы көзқараспен қарап, олардың әрқайсысына өзіндік қалпын сақтауға мүмкіндік береді. Туындының ерекше әсерлі болуына да осы табиғилық себеп. Мұнда біз жай ғана бас қосқан қарттардың тобын емес, әрқайсысының өз тарихы, өз мінезі, өз тағдыры және болып жатқан жағдайға деген өзіндік көзқарасы бар шағын бір әлемді көреміз.
Сахи Романов, құжат бойынша Александр Иванович Романов, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР-інің халық суретшісі, 2002 жылы дүниеден өтті. Оның тағдыры ел тарихымен сабақтасып жатты, ал өнері өз болмысымен біте қайнасты. Ол туған жер, айналасында ғұмыр кешкен қарапайым адамдар туралы көпшілікке түсінікті, қарапайым әрі шынайы туындылар жасады. Ол – ұлттық рухы терең, халықтық сипаты айқын суретші еді.
Биыл суретшінің туғанына 100 жыл толып отыр. Шығармашылық тұлғасына тағзым ете отырып, оның мол мұрасына қайта үңіліп, туған жеріміздің тарихының бір бөлшегіне айналған өнерімен қайта қауышқымыз келеді.
Last updated on 4 сентября, 2026 at 01:29 пп






