Халықаралық дөңгелек үстелдің басты назарында Исатай Исабаевтың шығармашылық мұрасы
Абай облысы Семей қаласындағы Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері Анна Анатольевна Шевцова қазақстандық көрнекті суретші Исатай Исабаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Исатай Исабаев: көркемдік, мәдени және институционалдық мұра» атты халықаралық дөңгелек үстел жұмысына қатысты. Аралас форматта ұйымдастырылған тағылымды басқосуды Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі өткізді. Дөңгелек үстелге өнер, мәдениет және музей саласының сарапшылары, дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ Литва, Германия, Англия және Америкадан келген қылқалам шеберлері қатысты. Кездесу барысында Исатай Исабаевтың бай шығармашылық мұрасы, оның ұлттық бейнелеу өнерінің дамуына қосқан үлесі мен мәдени кеңістіктегі орны жан-жақты талқыланды. Халықаралық дөңгелек үстелді суретшінің қызы Әлия Исатайқызы Исабаева жүргізді.
Дөңгелек үстелдің өзегі – ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақстандық бейнелеу өнерінің өркендеуіне зор үлес қосқан Исатай Исабаевтың шығармашылық мұрасын сақтау, жүйелеу және келер ұрпаққа кеңінен таныту мәселелері болды. Сонымен бірге қатысушылар білім беру жүйесіндегі көркемдік пәндерді оқытуды жетілдіру, өнер тарихы бағдарламаларын жаңғырту және оқу үдерісінде зерделенетін отандық суретшілер қатарын кеңейту жөніндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Исатай Исабаев ұлттық көркемсурет мектебінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан алпысыншы жылдар суретшілері буынының көрнекті өкілдерінің бірі болды. Оның есімі Қазақстандағы кітап графикасының, эстамп өнері мен кескіндеменің дамуы тарихымен тығыз байланысты.
Мәскеу полиграфиялық институтында білім алып, белгілі графика шеберлері Андрей Гончаров пен Павел Захаровтан тәлім алған Исатай Исабаев графика өнерінің линогравюра, ксилография, офорт, акватинта және меццо-тинто секілді күрделі техникаларын жетік меңгерген суретші еді. Оның шығармаларынан ұлттық мәдениетті терең сезіну, көркем образдың айқындылығы мен кәсіби шеберліктің жоғары деңгейі анық байқалады.
Бүгінде Исатай Исабаевтың туындылары Қазақстандағы және шетелдердегі ең ірі музей қорларында сақтаулы. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі, Қазақстан Республикасының
Орталық мемлекеттік музейі және Мемлекеттік Третьяков галереясы бар.
Невзоровтар отбасы атындағы музей қорында суретшінің үш графикалық туындысы сақталған. Олар – 1969 жылы орындалған «Қазақ эпосы» сериясындағы «Той» және «Бейбітшілік» атты екі офорт, сондай-ақ 1984 жылғы «Қазақ фольклоры» сериясынан «Шығарып салу» акватинтасы.
Анна Анатольевна дөңгелек үстел қатысушыларына аталған шығармаларды зерттеу барысында туындайтын мәселелер мен олардың ғылыми тұрғыдан зерделену ерекшеліктері жөнінде баяндады.
Іс-шараның қорытындысы ретінде графика өнеріне арналған көрме ашылды. Көрмеде Ұлттық музей қоры мен суретші отбасының жеке жинағынан алынған 80-нен астам шығарма ұсынылды. Сонымен қатар келушілер суретшінің шығармашылық зертханасынан сыр шертетін, көп жағдайда көрермен назарына ұсыныла бермейтін мырыш, самшит және линолеумнан дайындалған түпнұсқа баспа
#ИсатайИсабаев #ҰлттықМузей #НевзоровтарМузейі #Семей #АбайОблысы #ҚазақстанӨнері #Графика #Мәдениет #Музей #ДөңгелекҮстел #Қазақстан










