11.06.2026

Музейдегі шығармашылық экологиялық акция

Табиғатты қорғаудың жолы көп. Ең бастысы – осы жауапкершілікті балалардың бойына сіңіру. Осы мақсатта бүгін Абай облысының Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейі бастауыш сынып оқушыларына арналған «Жұмақ құсы» атты көркемдік тренингтер форматындағы шығармашылық экологиялық акция өткізді.

Музей қызметкерлері Наталия Сергеевна Неделькина, Юлия Валерьевна Сивашова және Лариса Алексеевна Шестакова оқушыларға қарапайым әрі қолданылған заттардың өзінен ерекше бұйым жасауға болатынын көрсетті. Шеберлік сабағында қалам қақпақтары, тоқыма жіптері, медициналық бахилалардан қалған пластик қорапшалар мен ағаш таяқшалар пайдаланылды. Балалардың табандылығы, шыдамдылығы, еңбексүйгіштігі мен қиялының арқасында көз тартарлық «Жұмақ құсы» марионетка-ойыншығы жасалды. Ол қанатын кең жайып, басын асқақ көтеріп, балалардың қолынан шыққан өзге де ғажайып құстарды қарсы алғандай әсер қалдырды.

Алайда шығармашылық жұмыс басталмас бұрын оқушылармен табиғатты аялау тақырыбында тағылымды әңгіме өрбіді. Балалар қоршаған ортаны ластаудың қаншалықты оңай екенін, ал оны таза әрі көркем күйінде сақтау үшін әр адамның жауапкершілігі қажет екенін талқылады. Табиғат – баршамызға ортақ байлық екені, сондықтан оның тазалығына немқұрайлы қарамау керектігі ерекше атап өтілді.

«Жұмақ құсы» атты шығармашылық тренингтер республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды. Бұл бастама қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға, тұрғындардың экологиялық санасы мен жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Музейде өткен іс-шара осы бағыттағы жоспарланған көптеген экологиялық-ағартушылық жобалардың алғашқысының бірі болып, жас ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыруға өз үлесін қосты.

#ТазаҚазақстан #НевзоровтарМузейі #Семей #АбайОблысы #Экология#ЭкологиялықАкция #БалаларШығармашылығы #Музей #Мәдениет #ТабиғаттыҚорғау

 

Scroll to Top