15.06.2026

Қор тағы бір туындымен толықты


Абай облысының Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінің қоры тағы бір көркем туындымен толықты. Бұл жолы музейге астаналық суретші Виктор Матвеевич Кельдің картинасы тарту етілді. Құнды сыйды Астана қаласының тұрғындары – Асель Жумабековна Булебаева, Айман Мусаевна Смаилова және Марина Петровна Лясова табыс етті. Теміржол саласында еңбек ететін бұл жандардың кәсіби қызметі өнермен тікелей байланысты болмаса да, олардың өнерге деген шынайы сүйіспеншілігі мен мәдениетке деген құрметі ерекше. Өнер туындыларына жанашырлық танытып, ұлттық мәдени мұраны толықтыруға үлес қосқан азаматтардың бұл игі қадамы музей қорын байытып қана қоймай, келушілерге жаңа әсер мен рухани қуат сыйлайтыны сөзсіз.
«Біз Астана қаласының тұрғындарымыз. Невзоровтар отбасының бірегей коллекциясын және музей қорындағы басқа да өнер туындыларын тамашалау көптен бергі арманымыз еді. Семейге жол түскенде, музей қорын өз тарапымыздан бір туындымен толықтыруды жөн көрдік», – дейді Асель Жумабаевна Булебаева.
Табиғаттың кешкі тынысын әсем өрнектеген «Күн батар шақта» атты лирикалық пейзаж енді музей коллекциясының бір бөлшегіне айналды. Туынды авторы – Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясының корреспондент-мүшесі Виктор Матвеевич Кель. Осы уақытқа дейін суретшінің шығармалары музей қорында болған емес, сондықтан бұл туынды коллекция үшін ерекше толықтыру болып отыр.
Картина Қорғалжын өңірінің сұлу табиғатына арналған. Ол суретшінің «Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы» визит-орталығын безендіру жұмыстары барысында дүниеге келген. Көлдері мен кең жазира даласы үйлесім тапқан бұл өлке күн ұясына қонар шақтағы ғажайып бояуларымен талай жанды тамсандырып келеді. Ал сыйға тартушылар Виктор Матвеевич Кельдің шығармашылығымен бұрыннан таныс болғандықтан, туындыны таңдауы да кездейсоқ емес еді.
Осы сыйдың арқасында музей коллекциясы жаңа есіммен ғана толыққан жоқ, сонымен қатар оның пейзаждық географиясы да кеңейе түсті.
Музей ұжымы Асель Жумабековна, Айман Мусаевна және Марина Петровнаға мәдени мұрамызды толықтыруға қосқан үлестері үшін терең ризашылығын білдіреді. Қазіргі уақытта картина музей қорына қабылдау рәсімдерінен өтіп, қажетті құжаттық жұмыстар жүргізілуде. Уақыты келгенде бұл туынды көрме төрінен орын алып, өз көрерменімен жүздесетініне сенімдіміз.
#ЖаңаТуынды #МузейҚорынТолықтырды #НевзоровМузейі #Семей #АбайОблысы #ВикторКель #Өнер #ҚазақстанӨнері #Мәдениет #Пейзаж

Scroll to Top