Архип Иванович Куинджи (1842-1910) Мариупольда етікші гректің отбасында дүниеге келді. Ерте жетім қалып әпкесі мен ағасының қолында кезек жүргеннен болар суретші бастауыш білімді мүлдем алмаған. 60-шы жылдары Куинджи Петербургке көшіп келіп фотографта ретушер болып қызмет етеді. Императорлық көркем академиясына оқуға түсуге дайындалып, И.К. Айвазовскийден білім алған. 1870 жылы Көркемсурет академиясын бітіріп, «еркін» суретші атағына ие болады. Бірнеше жыл бойы Көркем академияда пейзаж сыныбын басқарып, танымал суретшілер қатарын тәрбиелейді.
Архип Куинджи – ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы орыс суретшілерінің ішіндегі шоқтығы биік тұлға болып саналды. И.Е. Репин бұл суретші туралы: «Сексенінші жылдардың басына қарай жаңа туған ай тез толысып, аспанымызды өзінің жарығымен нұрландырды, сөйтіп бүкіл жер бетін тылсым жарқылымен дүр сілкіндірді» деп сипаттап жазған екен. Ол өзі көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған еді.
Алғашқы картиналарын көпшілікке ұсынғаннан кейін, танымал суретші шығармашылық қуатының нағыз күшіне келген кезінде, өз тағдырын күрт өзгертеді. Куинджи қырық жасқа толғанда туындыларын көрерменге көрсетуден бас тартып, «өзі» үшін ғана жұмыс жасай бастайды. Кескіндемешінің кейінгі туындылары халық назарына автор дүниеден өткеннен кейін ғана ұсынылды.
Жұртшылыққа кең танылған, шәкірттерінің сүйіспеншілігіне бөленген Куинджидің туындылары өзіндік колоритімен және күннің сәулесін, айдың жарығын шебер бейнелеуімен ерекшеленеді. Осындай шеберлікпен орындалған музей экспозициясында ұсынылған «Кеш. Днепр үстіндегі күннің батуы» атты туындысы.
Өмірден озар алдында суретші өзінің барлық мүлкін өнердегі жолын енді ғана бастаған жас суретшілерді қолдау үшін 1910 жылы 19 ақпанда құрылған өз атындағы қоғамға тапсырып кетті. Қоғамда жүзден аса адам болды және де бұл бірлестік 1931 жылға дейін жұмыс жасады.
Орындаған: Кіші ғылым қызметкер Абешова Жанар.