Жаңалықтар

   Қай уақытта болмасын халықтар арасындағы тарихи ірі оқиғалар кез- келген өнер саласына өз әсерін тигізіп отырған. Сондай ұмытылмас кезеңдердің бірі 80-ші жылдар. Әлемдегі алпауыт держава Кеңес Одағының құлдырау шегіне жетуі. Ауғандағы жағдай мен полигон апаттарын былай қойғанда, 1986 жылдағы Алматыда өткен оқиғаның барлығы тізбектеліп «қайта құрылуға»  әкеп соқты. Бұл дүрбелең заманның ағыны бейнелеу өнер саласында жаңа бағыттар ашты. Әрине басты рөлде адам образдары. Олардың ішкі ойы, қоғаммен байланысы, болашаққа деген үміті, мұңы тақырыпқа айналды. Тұнып тұрған бір ойды қозғайтын, батыл шешімдегі көркемөнер туындылары пайда бола бастады. Адам мен қоршаған ортаның үзілмес байланысын кескіндемешілер бояумен де, серпінді суреттерімен де бейнелеуге тырысты. Сол заман екпінінде туындаған картиналар саны біздің музей қорында да аз емес. Қазақстандық әлемге танымал суретші-кескіндемеші  Төлепбай Ерболат Тоғысбайұлының сол уақыттарда жазған бірнеше шығармаларын ұсынамыз. Еліміздің оңтүстік аймағынан шыққан дарынды суретші, Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері ел ішінде ғана танымал болған жоқ, дүниежүзі көркемөнер сайыстарынан да жүлделі орындарға ие. Мысалы: Сальвадор Дали атындағы халықаралық альянс жүлдесі (Мадрид-Прага. 2002); EUROUNION жоғарғы марапаттауы (Брюссель, Бельгия. 2002); Францияның Әдебиет және өнер орденінің кавалері атағы (2006); Россия, Чехия, Қырғызстан Өнер академияларының академигі.

АҚШ, Бельгия, Германия, Италия, Қытай, Үндңстан,Франция т.б. елдерде көрмелерге қатысушы және туындылары музейлер мен жеке жинақ қорларында сақтаулы. Еуропа мен Азия мәдениетін біріктіре отырып, өз туған жерінің табиғатын, адам әлемін шынайы да әрі абстракция жолдарымен де суреттейтін жұмбақ әлемді қылқаламгер.

1981 жылы салынған «Қонақ. Қаладағы жаңа туған бала» атты картинасында заманына сай құпия сюжеттер бейнеленген. Әдеттегідей бірнеше планға бөлінген композиция бір бөлменің аумағында. Дегенімен ашық есік арқылы кеңістікті тереңдетіп, оқиғаның қалалы жерде болып жатқанын көрсетеді. Ұлттық киім киген кішкентай қыз ортада отырғанына қарағанда бейтаныс жерде қонақта. Оған тек бөлме емес барлық адамдар да таныс емес кейіпте. Екі қарияның құмғанға қарап отыруы, бөлменің бір бұрышында жалғыз бойжеткен тұрса, екінші жағындағы ер мен әйелдің теріс қарап тұрулары, заттардың ретсіз орналасуы, төбедегі тор, тіпті қара көлеңкенің өзі адамды тығырыққа әкеліп, ойға бөлейді. Оларды біріктіретін тек ортақ колорит. Философиялық ойларды да айтып қозғауға болады. Автордың өзінен сұрап бұл қойылымның мағынасын ұққымыз-ақ келеді. Бұл кескіндемешінің жұмыстарында кездесетін тағы бір жұмбақ қойылым. Оған жауапты әр көрермен өз жүрегінің қалауымен тапса, міне сол болар суретшінің тілегі. Шабытпен келген ойлардың қыр сырын ашу кейде авторлардың өздеріне де қиынға түсетіні анық. Бірақ әр адам көңіліне жол тауып, керекті ойды жеткізе алатын бұл тіл — белгісіз бояулар тілі.

Материалды дайындаған кіші ғылыми қызметкер Жакеева Гүлжан.