Шолпан жұлдыздай жарқ етіп, ерте жанып, ерте сөнген «Қазақтың ең соңғы ханзадасы» атанған Халиолла Өскенбаев. Ол – тек ұлы данышпан Абайдың өнегелі інісі ғана емес, өз заманынан оза туған, білім көгіне ұмтылып, айналасына зиялылықтың шуағын шашқан ерекше тұлға болды. Құнанбай үшінші әйелі Айғыздан туған Халиолла мен Әбдірахманды әкесі Өскенбайдың атына жаздырады. Оған мұрағаттарда сақталған «Халиолла Өскенбаев» деп жазылған куәлік қағаз (свидетельство) айғақ. Бұл жөнінде Әрхам Ысқақовтың көлемді естелігінде: «Сөйтіп, Құнанбай Айғызды екі әйел үстіне тоқалдыққа алады… Осы Айғыздан 1848 жылы Абайдан үш жас кіші ұл туса, Құнанбай оның атын тағы да пайғамбар атымен Халиолла қояды» деп жазады. Халиолланы ағайын-туысы – Халел деп атаса, оның аты-жөні орыс басылымдары мен архив деректерінде «Халиулла Ускенбаев» деп кездеседі.
Жасында Халиолла Құнанбайдың барлық балалары сияқты ауыл молдасы Ғабитханнан дәріс алып, мұсылманша хат таниды. Кейіннен Семейдегі Камалиден хазіреттің медресесінде үш жыл оқып, оған қоса өзі ынта қойып, орысша сауатын ашады. Халиолланың Омбыға барып білім алуына себепкер болған бірден-бір адам, ол хакім Абай. Бұл туралы Әрхам Ысқақұлы өзінің естелігінде Абай Халиолланың оқуына қаражат жинағаны туралы айтады.
Құнанбай Семейде оқып жатқан 13 жастағы ұлы Абайды елге алдырып, жұрт билеу ісіне араластырады. Ахмет Риза медресесінде шығыс біліміне ынтығып, үш ай орыс мектебін оқып, орыс тілін еркін меңгеріп, оқуға енді құныға бастаған жас Абайға әкенің бұл шешімі оңайға соқпайды. Себебі, Абайдың ойы Кадет корпусында оқу болды деген сөзді Әрхам айтады. «Абай өзі оқи алмаған оқуды тым болмаса бір інісі оқыса деп арман қылады»- дейді Әрхам естелігінде.
Омбыдағы атақты оқу орнында ол кезде Уәлихановтар әулетінен шыққандар оқып, бітіріп жатты. Хан тұқымдарының ғана қолы жеткен, Омбыдағы оқуға Абай өзі апарып орналастырмақ ниеті болған. Алайда ел ішіндегі шаруаларға байланысты елден шыға алмаған Абай, бұл мәселені орыс тілін білетін Ғабитхан молдаға тапсырады.
Халиолла Омбының кадет корпусында 1859-1867 жылдар арасында оқыған. 1867 жылы Москвадағы III Александр атындағы училищеге түсіп, оны 1868 жылы жазда бітіріп шығады. Жалпы жиыны сегіз жыл оқып, кадет шенін иеленеді.Халиолла оқу бітірген соң, бір жыл елде болып, бір жыл Омбыда әскери қызмет атқарады. Семей өңірінде алғашқылардың бірі болып әскери шенге ие болған ол өз заманындағы зиялы қауым өкілі ретінде жат жерде тек білім алумен ғана шектелмей, қазақ халқының фольклор үлгілерін жинайды.
Оларды орыстың шығыстанушы ғалымдары И.Березин, Н.Костылецкий, Н.Максимовтерге жолдап, өзі де қазақ халқы ауыз әдебиетінің кейбір нұсқаларын орыс тіліне аударады. Жазғандары «Дала уәлаяты», «Сибирский вестник», «Московская иллюстративная газета», «Природа и люди» басылымдарында жарық көріп отырады. Әлкей Марғұлан Халиолланың өмірі мен рухани мұрасын зерттеуге ден қойған алғашқы ғалым. Халиолла туралы академик Ә. X. Марғұлан: «Ол өзінің қандастарын «қазақтан да» басқа әлем бар, білім мен ғылымның, рухани есеюге талпыныстың әлемі бар екендігіне үйреткен адам… Халиолла данышпан ақын Абайға үлкен ықпал еткен», – деп баға береді. Ғалым¬ның «Абай» журналының 1993 жылғы №6 санында «Үш хаттың сыры» деген мақаласы жария¬ланған. Осы мақа¬ла¬да Әлкей Марғұлан: «Тек жастай өтіп кеткені болмаса, Халиолла ағасы Абай сияқты асқан ой¬шыл, қаламы төгілген жазушы болуы анық еді» – деп сүйсіне жазады.
Халиолланың Абай өміріндегі орны ерекше болды. Білімге құмар – аға, оқуға талпынған – іні. Екеуінің де жас арасында айырмашылық көп емес. Хәлел табиғатынан момын, көп сөйлемейтін болыпты. Бәлкім, осы мінезімен де Абайға жақын болған шығар.
Халиолланың елге демалысқа келгенде әдеби клуб құрып, әлем әдебиеті классиктерінің романдары мен әңгімелерін қазақша баяндап беретін әдетін бірнеше жерден кездестіреміз. Демек, Хәлел ағарту ісіне қатты қызыққан. Абайда да сондай құмарлық болған. Ертекші Баймағамбеттің жаттап алып айтатын романдары Абай аузынан айтылған шығармалар еді. Бұл әдетті бастап берген Халиолла болуы да мүмкін.
Халиолланы жақсы білген Н.Максимов, Г.Н.Потанин, Н.М. Ядринцевтің жазуынша, ол Толстойды, Тургеневті, Салтыков-Щедринді, Белинский, Добролюбовты тұңғыш рет қазақ тіліне аударған, халық эпосын жинап, зерттеуге көп еңбек сіңірген. Бір өкініштісі сол – Халиолла жастай дүниеден көшіп, оның қолжазбалары әркімнің қолында кеткен.
«Жетісудағы казак жасағының тарихы» атты еңбекке жазылған рецензияда Хәлелдің Алматыда құрт ауруынан қайтыс болғаны жазылыпты. Әрхам болса, қайғылы оқиғадан соң Халиолла Омбыға кетіп, сонда қызмет етіп жүріп қайтыс болды дейді.
Тұрсын Жұртбай «Құнанбай» кітабында: «Халиолла 1870 жылы 2 шілдеде қайтыс болған. 1870 жылғы 25 шілдедегі №27 бұйрық бойынша әскери тізімнен шығарылады» дейді.
Құнанбай Хәлелдің сүйегін алғызып, Шыңғыстаудағы Сары қатын қыстауына жерлейді. Хәлелмен бірге туған Смағұлдың естелігі қалыпты: «Кәкен ағамның сүйегін әкелгенде үлкен абдыра нәрсесін қоса алып келді. Ашып көргенде бір абдырадан ылғи неше түрлі оқалаған киімдер, алтындаған қылыш, кавказдағы қанжар, пышақ, көп дүние шықты, бір абдырасы толған кітап пен қағаз екен. Қырқын беріп, бата оқырын таратқан соң шешем барлық бала-шағасын жинап алды да: «Қарақтарым, Халелім енді маған жоқ, мына боқмұрын Смағұлға бұл дүние не керек. Сендер Халелдің нәрсесін бөліп алыңдар. Әсіресе Абай қалқам, таңдаулысын сен ал», – дегенде Абай: «Әже, маған Халиолланың барлық кітаптарын берсеңіз болады. Өзге дүниелігін басқа туыстарына беріңіз», – деп Кәкен ағамның кітаптарын түгел Абай ағам алып кетті».
1848 жылы дүниеге келіп, небары 22 жасында 1870 жылы өмірден озған, тамаша ақын, аудармашы Халиолла Өскенбаев – өнері ашылмай қыршынынан қиылған талантты жастың бірі. Халиолла білімпаздығы, ізденімпаздығы оқырманды қызықтырып қана қоймай, біздің өскелең ұрпаққа үлгі болар деген үміттеміз.