Жаңалықтар

Қазақтың тілін, салт- дәстүрін өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп жүрген қаламыздағы «Сәруар» этностудиясы біздің музейде қонақта болды. Студия жетекшісі  Арайлым Бейсенқызы кезекті сабағын Невзоровтар музейінде, XIX ғасырдағы көпес үйінің  ескі залдарында өткізді.

Музейде қазақ сәндік-қолданбалы өнерінің, сондай – ақ XX-XXI ғасырлардағы қазақстандық суретшілердің туындыларының тамаша коллекциясы бар және әртүрлі тақырыптар бойынша балаларға арналған шығармашылық тренингтер мен шығармашылық сабақтарға  бай. Музей қонақтарының Қазақстанның суретшілері мен қолөнершілері жайлы тақырыбы ауқымды өрбіді. Балалар картиналар мен қолөнер жәдігерлерін көздерімен, суретші құралдарын қолдарымен ұстап көрді.

Экскурсия тыңдап болғаннан кейін, оларды қызықты квест ойыны тосты. Олар картинадан түсіп қалған заттарды тауып, ертегі желісі бойынша салынған суретшілердің шығармаларынан пазл құрастырды. Қолөнерге байланысты жасырылған жұмбақтарды да шешті. Кейбір картиналарға өздері сипаттама жасап, ойларын айтып, тіпті Сапугов Әбелден Ғаниұлының “Бата беру” (1973. Кенеп, майлы бояу) жұмысын тамашалап, студияда жаттаған баталарын берді.

Музейден алған шабытпен студияда пуантилизм техникасында туған жерге арнап сурет салып, өздерін нағыз суретші  сезінді. Музейіміздің есігі әрқашан да барша көрерменге ашық. Әсіресе, ел болашағы жас ұрпақтың сауатты да, салиқалы болып өсу жолында аянбай еңбек етуге әзірміз!