Біз қаламыздың суретшілері туралы әңгімемізді жалғастырамыз.
1954 жылы «ҚазИзо» Семей филиалының төрағасы болып Григорий Тимофеевич Шереметьев (1922-1997) сайланды.
Суретші Алтай өлкесі Сидоров ауылының тумасы. 1935 жылы оның отбасы Алматыға көшіп келеді. 1941 жылы он жылдық мектепті тамамдаған соң, Григорий Тимофеевичті Ташкент әскери училищесіне жібереді. 1941 жылы 25 қарашада ол пулемет дәлдеушісі қызметінде III-бөлімінің отыз төртінші жеке курсант-атқыш бригадасының құрамында Батыс фронтына жіберіледі. 1942 жылы Мало-Ярослав бағытындағы Березовка ауылы маңындағы шабуылда ауыр жарақат алып, әскери қатарға қайтып оралмады. Госпитальдан кейін ол Алматыға қайтып, онда 1943 жылы кинематография бүкілодақтық мемлекеттік институтының көркем-сәндік бөліміне түседі. Ол институтты аяқтамай, 1946 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемөнер училищесін бітіреді. Ал 1954 жылдан бастап оның өмірі мен шығармашылығы біздің қаламызбен байланысты. Г. Шереметьев негізінде сюжеттік тақырыптық жанрда жұмыс істейді, сюжеттік-тақырыптық картиналарға көп көңіл бөлді.
«Сауыншылар» картинасында ақ халат пен орамал тартқан жас әйелдердің кескіндері портрет түрінде берілген. Қылқаламның қозғалысы еркін, жеңіл, лессировкалаумен, тек кей жерлерде суреттің фактурасының ерекшелігі байқайлады. Барлығы бір, кешкі жарық кезінде сауын жұмысы процесін көрсету міндетіне бағынады. Суретші өзіне сенімді, тыныш және өзінің үйреншікті ісімен шұғылданатын бейнелердің еркін қалыптары мен елеулі ғана ерекшелерін бейнелеуге тырысқан.
«Шопандар» картинасында дала аясында ерлердің бел тұсынан бейнеленген бейнесі. Фигураларды көрерменге барынша жақындата отырып, суретші олардың образдарына ерекше мән береді. Терең ойға батқан шебердің модельдері алысқа көз тігіп тұр. Шопандардың артында қой отарын көре аласыз. Ұсынылған картинада күш пен сенімділік оқылады, елде болып жатқан оқиғалардың: құрылыс, тың жерлерді игеру, мал өсірушілердің рекордтарының маңыздылығы сезіледі.
«Құбылмалы нөсер» композициясында автор қоршаған оқиғалардың жылнамасын жасай отырып, социалистік реализмге тән жасампаз және позитив нотасын қамтиды.
Еңбек тақырыбы ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы өнердегі жетекші тақырыптардың бірі болды. Шеберлер жиі жасампаз адам бейнесін суреттеген. Халық өмірінің ең қилы кезеңдерін: станоктар алдындағы және алқаптардағы, ғылыми зертханалар мен институттардағы адамдарды жырлаған.
Григорий Шереметьев портрет пен пейзаж жанрына ерекше сүйіспеншілік танытқан.
Портрет бетінде Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, еңбек ардагерлерін жиі кездестіреміз. Н.И. Бондаревтің портреті өзінің салыну тәсілімен тартымды. Николай Иванович Ұлы Отан соғысы, концлагерьдің қиын кездерін басынан өткерді, алайда ол адамгершілік пен мейрімділігін жоғалтпады. Суретші портреттегі адамның ішкі жан-сырын, ішкі мәдениетін кенеп бетінде жеткізе алған.
Суретшінің сүйікті уақыты көктем еді. Оны табиғаттың бірітіндеп өзгеруі, түстердің болар-болмас қаңық бояуға қоюлануы толғандырып және қызықтырған.
Григорий Тимофеевич Шереметьевтің шығармашылығына ақшыл көк түсті гамма тән. Оның туындыларында көкшіл сұр түсті реңктер жиі кенептің барлық бетін жабады. Өз жұмыстарымен Григорий Тимофеевич қаламыздың көркем өмірін байытты.
Музейдің ғылыми қызметкері Халитова Ильвира.