1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде балаларға арналған мерекелік қойылым ұйымдастырылды. Бұл күннің бағдарламасында көптеген қызықты және есте қаларлық оқиғалар өтті.
Орталық сюжеті «Көгілдір аспан астындағы үй» балалар көркемсурет студиясы оқушыларының жаңа көрмесі болды. Музей директоры Татьяна Александровна Стромская және студия оқытушылары балаларды оқу жылының аяқталуымен және балалық шақтың керемет мерекесімен құттықтады. Барлық қатысушылар естелік грамоталар алды.
Көрмеде ұсынылған жұмыстар қазіргі таңда өзекті экология тақырыбына арналған. Бұл тақырып өте кең ауқымды және әр жас суретші оны өз еркінше ашқан. Жануарлар әлемін қорғау тақырыптарына ерекше назар аударылады. Балалар жануарларды аса мейрімділікпен жақсы көреді. Ал Ероховец Ольга өз суретінде жануарларға зертханалық сынақтар жасалу мәселесін көтерді. Сурнина Анна, Таборова Адема фаунаны ғана емес, флораны да қорғау тақырыбына жүгінеді. Генетикалық түрлендірілген өсімдіктер тақырыбын Павлова Жасмин «Табиғат көздері» суретінде ашып көрсетті. Сюжеттер арасында балалар орман өрттері, ауаның ластануы, қоқыстың көбеюі туралы тақырыптарды қозғап отыр. Лобастов Владиславтың «Вавилон мұнарасы» жұмысы философиялық тұрғыдан оқылады, онда біз тасталған қоқыс тауының басында тұрған адамды көреміз. Көрмеде сонымен қатар соңғы жылдары және онжылдықтарда пайда болған микропластика, жаһандық жылыну және мұздықтардың еруі сияқты мәселелер қамтылған.
Бұл көрме көрермендерге өз әдеттері, өмір салттары және қоршаған ортаға деген көзқарастары туралы ойлануға түрткі болар деген үміттеміз. Өйткені, біз бәріміз бір көгілдір аспан астында өмір сүреміз!
Музейдің жас келушілері үшін қызметкерлер «Тик Токерші мысық» атты қуыршақ спектаклін және музей залдары бойынша театрландырылған квест ұйымдастырды.
Музей алдындағы алаңда балаларды музей экспонаттарын бүлдірген тышқандарды қуып шыққан Мысық қарсы алды. Балаларды көрген Мысық бүгін ерекше мереке, Балаларды қорғау күні екенін еске алады, сондықтан ол балаларды қуыршақ қойылымын көру үшін музейге баруға шақырады.
Спектакль қазақ ертегілерінің желісі бойынша қойылып, қазіргі заманға сай интерпретацияланды. Мақта қыз ертегісінің кейіпкері ерекше бояуды тауып, өзінің досы Мысықтың алдында мақтанғысы келеді. Тиктокер Мысық құлықсыз, тәкаппар келбетімен шеберханаға келіп, неге оны шақырғанын сұрайды. Мардымды жауап ала алмаған Мысық бояуды әдейлеп төгіп тастайды. Кек алу үшін Макта қыз оның құлағын жұлып алып, оның орнына сол бояуды әкелуді талап етеді. Ұзақ сынақтардан кейін, суретші Қоразбаймен, тігінші Апамен, ұста Аюмен кездескеннен кейін, Мысық бояуды тауып, құлағын қайтарып алады.
Балаларға арналған ертегі қойылымын көргеннен кейін музей қорындағы суретшілердің шығармаларымен байланысты жұмбақтарды, ребустарды шешумен, пазлдарды жинаумен музей экспозициясы бойынша квест-ойын өткізілді.
Осы мереке күні музей қызметкерлері балалар үшін әдемі және есте қаларлық оқиға ұйымдастыруға тырысты. Біз — мереке сәтті өтті деген ойдамыз!