Ежелгі заманнан бері Шығыстың көптеген халықтары көктемгі күн мен түннің теңелу мерекесін, жаңа астрономиялық жылдың басталуын атап өтеді. Осы күннен бастап көктем өз иелігіне толықтай еніп, бүкіл табиғаттың жандануы. Адамдар Наурыз мейрамын мерекелік сауық-сайранмен, дәмді тағамдармен, көңілді ойындармен атап өтеді.
Наурыз мейрамын музей де мерекелік көңіл-күймен атап өтуге дайын. Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейі көктемгі мерекеге орай музей қорынан «Көктем лебі» атты көрме ашады. Залдарға кіре сала көрермендер көктемгі көтеріңкі көңіл-күйге бірден енеді. Міне, В.И. Третьяковтың «Соңғы қар» картинасында өзен жағасында мұз көбесі сөгіліп, су жүруде. Оның үстінде көгілдір аспан мен жеңіл бұлттар өзен арнасында сылдырлай ағып жатқан сумен жарысқандай… Ол көңілді сылдырлай, көктемгі әнін айта, ақ мамық бұлттарды қарсы алады. Көктем келісімен адамдар шөбі шүйгін, өзен-көлді, суы тұнық, бастау-бұлақты, салқын самалды, шыбын-шіркейі аз, ауыл-ауыл болып қоныс тебуге қолайлы жазғы малжайылымдық жайлауға көшіп, киіз үй тігеді. А.Ө. Бижановтың «Киіз үй тігу» картинасындағыдай кереге керіп, шаңырақ көтеріп, киіз уй тігіп, бір ошақ басына отбасын жинайды.
Кескіндеме, графика, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер туындылары бірінші қабаттағы екі көрме залында орналасты. Көрме отандастарымыздың туындылары мен жақын шетел суретшілерінің туындыларын қамтиды. Картиналардың этикеткаларынан келесі есімдерді көре аласыздар: Ф. Н. Бочков, И. Б. Балхозин, В. Г. Осипов. Көрермен назарына қаламыздың суретшілерінің қылқалам туындылары да ұсынылған. Көрермендер П.П. Гавриленко, В. И. Третьякова, Ш. Г. Абдулганиев, В. В. Протопопов, Н. И. Яковлев, О. А. Неудачинаның жұмыстарымен таныса алады.
Наурыз мерекесіне орай адамдар мерекелік киім киіп, көктемді қарсы алуға дайындалады. Ал музейде дефиле өтуде. Киім дизайнері Жабағина Құралайдың авторлық коллекциясынан моншақпен кестеленген шапандар, бешпеттер бүкіл көктем мерекесіне рең беріп, көрмемен әдемі үндеседі. Қазақ халқының мұрасынан шабыт алып, Құралай Жабағина жаңа техникаларды, материалдарды пайдалана отырып, өз киімін жасап шығарады, оны заманауи көркемдік идеялармен толықтырады.
Көрме ашылды. Дефиле өтті. Музей өз көрермендерімен кездесті. Бұл бүгінгі сәт. Ал мереке жалғасуда. Көптеген қуанышты күндер мен қызықты оқиғалар әлі алда. Музей мереке күндері де жұмыс істейді. 22 және 23 наурызда ол келушілерін күтеді.
Ал табиғат өз күшіне еніп, барлық тіршілік иелері көктемгі жылылықты сезініп, оянып, жаңа кезеңге бет бұрады. Көктем келді!!!