Конференцияға мұражай қызметкелері, қала колледждері мен мектептерінің оқытушылары мен оқушылары қатысты. Олардың қозғаған тақырыптары сан алуан әрі қызықты болды. № 47, 2 ЖОББМ және Баженов ауылындағы Ибраев атындағы орта мектеп оқушылары «Қазақстан болашағын тарихсыз құру мүмкін емес», «Мәдени мұра», «Ұлытау-мәңгіліктің үні» тақырыптарында баяндама дайындаған. Қатысушылар слайд, бейнеролик қолдана отырып, баяндамаларын зор ынтамен түсіндіре білді. Ал, конференцияда ең жас баяндамашы деп танылған №6 гимназия оқушысы Д. Шмидт Семей суретшілері шығармаларында орын алған қаланың архитектуралық ескерткіштері жайлы айтып берді. Жергілікті тарих арқылы кескіндемешілердің шығармашылығын зерттеп, дайындаған мәнді баяндамасы үшін жиын соңында дипломмен марапатталды. Тақырыбының өзектілігі жағынан № 38 мектеп-лицейінің оқушысы Д. Асқарова да дес бермеді. Ол баяндамасын тұңғыш қазақ кәсіби суретшісі Ә. Қастеевтің шығармашылығына арнаған.
Конференция жүргізушісі болған Р.С. Мұхамедова: «Барлығы 35 баяндама таныстырылды. Қатысушылар мен қонақтар үзіліс арасында да конференцияны қызу талқылады. Бұл күні мұражай ынталы, жаңаны тануға ықыластылардың ордасына айналды. Конференциядан қатысушылар диплом, қызықты мәліметтермен қоса оң әсер алып қайтты. Бұл оқушылардың болашақта маңызды тақырыптарға ой қозғап, қызығушылық танытуына үлес қосады деп есептеймін» деп сөзін аяқтады.
Невзоровтар мұражайы қызметкерлерінің кәсіби іс-шараларын өткізіп, сонымен қатар, теориялық тақырыптарда конференцияларды ұйымдастырып, өткізе білуі – көпшілік және ағарту ісіне алаңдаушылық танытуының белгісі. Яғни, мұражай қарым-қатынас шеңберін кеңейту арқылы, экспозициямен танысуға ынталылар қатарын көбейтуге ықпал етпек. Өнер ордасына келу арқылы шығармашылықпен айналысуға құштарлық пайда болары анық. Мұражай тек картиналар емес, іздену мен жаңашылдық ізі қалған орын.