Жаңалықтар

«Абай жолы» роман эпопеясын жазуда сұңғыла суреткер тарих алдындағы жауапкершілігін жете сезіне отырып, әлемге қазақ халқының бүкіл болмысын паш етті. Әдебиетке сіңірген зор еңбегі романның әр парағынан мен мұндалайды. Әуезовтың 125 жылдық мерей тойына арналып, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде «Абай жолы» романына Сидоркиннің иллюстрациялары» атты дәріс оқылды. Бұл дәрісте Ұлы жазушының қаламынан туған өр шығарманың бір мазмұнын қалт жібермей, дәл солай тек қылқалам ұшымен суреттеген суретші Е.М.Сидоркиннің иллюстрациялары көрсетілді. Көрермен «Абай жолын» көзбен көріп жүрекпен ұғынғандай әсер алды.

Дәрісті Абай облысының М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің 1-ші курс студенттері тамашалады. Дәріс барысында экран арқылы Абайдың әндері тыңдалып, өлеңдері де оқылды. Көрермен Сидоркин жасаған линогравюра және литография жұмыстарының жасалу техникасымен де жақын танысты. Студенттер дәрістен алған әсерлерімен бөлісіп, өлең де оқып жарысты. Кездесу соңында студенттерге музейді тегін аралауларына сертификаттар үлестірілді. Көрермендер музей залдарын аралап та үлгерді.