Жаңалықтар

   Семей шаһарының көне сәулет ескерткіштерінің бірі 19 ғасырдың 70-ші жылдары салынған көпес Ф. Степановтың үйі болып табылады. Бұл ғимарат 1991 жылдан бері Невзоровтар музейі аталып келеді. Кезінде екі қабатты үй болып салынған ғимараттың екінші қабатында Ф.Степановтың отбасы өмір сүрсе, бірінші қабаты қалаға келген қонақтарды жайғастыратын қонақ үй болған. Кеңес одағы жылдары бұл ғимаратта әр түрлі мемлекеттік мекемелер болды. Ал бүгінгі күні есігін айқара ашқан аппақ колоналары алыстан байқалатын ғимарат, көз жанарын тойдырарлықтай экспонаттармен бай музей. Бұл музей алғашында қаламыздың өлкетану музейінің бір бөлімшесі ретінде өз қызметін бастап, кейіннен дара, үлкен танымал музейге айналды. Невзоровтар отбасының сыйы мұражайдың келбетін анықтады десек те артық болмас. Екі қабаттың экспозициясына созылған картиналар авторлардың түп нұсқа туындылары. Оның ішінде: И.А.Акимов, А.Калам, И.И.Шишкин, А.К.Саврасов, И.И.Левитан, П.П.Кончаловский, Ә.Қастеев, С.А.Айтбаев, С.А.Мамбеев, Е.Т.Төлепбаев т.б. және отандық суретшілердің жұмыстары ұсынылған. Музей экспозициясы хронология бойынша құрылған.

   XVI ғасыр аяғы XX ғасыр басындағы батысеуропа кескіндемесі мен графика өнерінен бастап, XVIII ғасыр аяғы XX ғасыр басындағы орыс өнері және XX ғасыр ТМД өнері, онымен қатар музей залдарында Қазақстан бейнелеу өнері майталмандарының жұмыстары ұсынылған. Музей экспозициясынан белгілі фарфор зауыттарының мүсіншелерін де кездестіруге болады.

   Онымен қатар 22 залға созылған музей экспозициясынан тұрақты көрмелерден басқа музей қорынан ұсынылған ауыспалы көрмелермен де танысуға болады.