Картиналарының барлығы қазақ сурет өнерінің қоры. Олар майлы бояу, акварель т.б. техникаларда жазылған. Жеке де, тұтас алып қарасаң әрқайсысының болсын шығу тарихы бар. Туған елінің тарихын суретші қалай қабылдаса дәл солай айна қатесіз кенеп, қағаз бетіне түсірген. Ол қазақтан шыққан алғаш әйгілі кескіндемеші, график қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, тума талант, қазақтың сүйікті перзенті Әбілхан Қастеев.
Әбілхан Қастеев 1904 жылы Алматы облысы Панфилов ауданы Шежін ауылында дүниеге келген. Небәрі үш жасында әкесінен айырылып, анасына көмектесіп жүріп ерте есейеді. Қой бағып, жалшы болып, жер жыртып, түрлі қара жұмыс істейді. Бұдан өзге ағаштан сырға-сақина, мүсін жасайды. Осы өнері туралы білген ауылдағы қыз-келіншектер оны өрістен күтіп алып, өздеріне әшекей жасап беруге өтініш білдіретін болған. Бірде ауыл молдасының мүсінін жасаймын деп қатты ұрыс та естіген.
Кескіндемеші еңбек жолын Түрксіб темір жолынан бастаған. Дәлірек айтсақ, темір жолдың құрылыс жұмыстарына атсалысады. Арасында демалған уақытында тасқа сурет салады. Бірде тастағы Лениннің суретін бастықтардың бірі көріп қалып, суретшіні Алматыға оқуға жібереді. Осылайша мектепте оқи бастағанында жасы 25-те еді. Алайда оның білімге деген құштарлығы, араб және латын жазуын өз бетімен үйренуі көп көмегін тигізеді.
Мектеп директоры оның суретке деген қызығушылығын байқап, Николай Хлудовпен таныстырады. Хлудов Әбілхан Қастеевті өзінің студиясына қабылдайды. Кейін әйгілі кескіндемеші Мәскеудегі өнер училищесіне оқуға түседі. Жат жерде өмір сүру оңай болмайды. Елге оралады да, дара кәсіби шығармашылық өмірін бастайды.
Шығармашылығы әр алуан ол барлық жанрларда жұмыс жасайды портреттер, тарихи суреттер, майдан даласын бейнелейтін картиналар, пейзаждар онымен қатар жанрлық туындыларды да жазатын.
Қастеевтің картиналарының ерекшелігі ұлттық рух, ұлт мінезін айнытпай салуында. Ол халықтың салт дәстүріне де үлкен мән берген және оны кенеп бетіне түсіре білген. Онысы суретшінің кенепке салынған кез келген картинасынан аңғарылады. Әсіресе «Қыз алып қашу», «Сатып алынған қалындық» туындылары бояумен салынса да, қазақы болмысымен үндеседі.
Портрет салудың майталманы «Жамбұл Жабаев», «Кенесары хан», «Жас Абай», «Шоқан Уалиханов», «Амангелді Иманов» портреттерін салған. Автордың қолынан шыққан туындылар болашақ ұрпаққа танымал тұлғалардың бейнесін көріп-тануға мүмкіндік берді.
Ал пейзажды бейнелегендегі жауһар туындыларының саны алуан «Медеу», «Талас өзенінің жағасында» т.б. Сондай ақ, әсем пейзаждарының бірі Невзоровтар отбасы атындағы бейнелей өнер музей экспозициясында ұсынылған «Таулы пейзаж» атты туындысы. Бұл шығармада бірнеше планды кеңістікті жазуы, жазықтықты беруі, қазақ даласын кең молынан көрсетуімен мәнді. Ашық нәзік бояу түстерінен қою бояуға жеңіл өтуі картиналарына ерекше мағына берген. Ол тау бөктерімен кеңістікті толтырды. Аспан мен бұлтты да ұмытпады. Таулы мекеннің ауасының мөлдірлігі алыстағы планның рөлін де өте жоғарлатады, онда қимыл қозғалыс көрінеді. Бұлардың бәрі де картинаға кеңдік, көлемдік берді.
Азды көпті ғұмырында жиырма мыңнан астам туындыларын артынан қалдырды. Оның жартысы көпшілік музейлер қабырғасында халық назарына ұсынылуда. Ал қалғаны әлі де ел қолында дейді өнер зерттеушілер.
Оның шығармаларының қадір-қасиеті дәуір көші алмасып, заман озған сайын бедерлене түседі.
Орындаған: Кіші ғылыми қызметкер Абешова Ж.Ж.