Жаңалықтар

   Сиқырлы гүлдер биін қиялында суреттей білген кішкентай Күлпәш, дүние есігін ашқан сәттен бастап, әлемнен тек сұлулықты көре білді. Көріп қана емес, қағаз бетіне бояулармен салуға да тырысқан. Суретші боламын деген мақсатымен үнемі ізденісте жүретін. Бәлкім бұл асыл қасиет анасы мен әкесінен берілген. Анасы музыкаға жақын болса, әкесі дәулетті отбасынан шыққан зиялылардың қатарынан еді. Күлпәш Тансықбайқызы Қоңарбаева болашақ өмірі дайындаған сынақтарын білмесе де, оның тек өнермен байланысты болатынын шешіп қойғандай еді. 30-шы жылдары әкесі саяси себептермен сотталып кеткен соң, есімін Гүлфайрус Мәнсүрқызы Ысмайылова деп, өгей әкесінің тегін алып ауыстырады. «Гүл» мен «жұлдыз» міне оның рухы. Сондықтан болар осы есімді таңдауы. Тағдыры тарихи ірі өзгерістің кезеңдеріне сәйкес келген кескіндемешінің өмір жолы көркем фильмге тұрарлық. Тұла бойы тұнып тұрған өнер еді. Қызыл матамен көмкерілген, үкілі кәмшәт бөрік киген Ботагөз – актриса, опера әншісі, кино мен театрдың көркемдеуші декораторы, осының барлығы бір ғана әйелдің бойында. Көкте жұлдызы жанған уақыттан бастап жазмыштың өзі арманына жетелегендей. Ән мен бейнелеу өнерді бөліп жара алмаған Гүлфайрус, оларды театр саласында біріктіре алды. Ең танымал қойылымдар мен кинофильмерге эскиздер жазып қана қоймады. Қылқалам шебері табиғи таза, көгілдір ақық тасындай түстермен, гүлдердей ашық, жарқын бояуларды үйлестіріп, сұлулық әлемін өз туындыларында жандандыра білді. Ең алғаш болып қазақ бейнелеу өнерінде портрет жанрының жаңа бағытын ашты. Еліміздің әйгілі жұлдыздарын сахна образдарында суреттеген әдеміліктің символына айналды. Осындай халық мақтанышы, жауһарлы жан шеберлігінен туындаған жұмысты біздің музей парақшасы сіздерге ұсынады. Әйгілі П.И. Чайковскийдің «Иоланта» операсына арналған костюмдеріне және декорацияларға эскиздер. Осы бір эскиздің өзіне қарап кескіндемешінің жан тәнімен әр образды сипаттауға тырысқанын көруге болады. Бұл табиғи талантына мақсаты қанат болған ерекше жігерлі тұлғаның туындысы.

   Гүлфайрус Мәнсүрқызы Ысмайылова (1929-2013) Алматы көркемсурет училищесінде (А. Черкасский, С. Леонтьев) және И.Е.Репин атындағы Лениград кескіндеме, мүсін және сәулет институтында оқыды.

   Материалды дайындаған кіші ғылыми қызметкер Жакеева Гүлжан.