2022 жылдың 13 сәуірінде музей қызметкерлері нашар көретін балаларға арналған №3 мектеп-интернатының оқушыларына экскурсия өткізді. Жоба «Дара» жеке қорының (Нұр-Сұлтан қ.) қолдауының арқасында жүзеге асты.
Бір жыл ішінде аудиодескрипция және тактильді тақталар жасау, музей қорындағы туындылар бойынша Брайль шрифтімен этикетаж жасау жұмыстары жалғасты. Жоба бойынша «Гала Глобал Груп» фирмасының (Нұр-Сұлтан қ.), Қазақ зағиптар қоғамының (Семей) қызметкерлері, мүсіншілер, суретшілер және т.б. жұмыс жасаған.
Балалар жағымды уақыт өткізудің музейлік атмосферасына қуана енді. Экскурсоводтар Сивашова Юлия және Мұратбекова Арай музей коллекциясы туралы түсінікті етіп айтуға тырысты, балалар «Кескіндеме», «Графика», «Мүсін», «Сәндік-қолданбалы өнер» сияқты алдын ала дайындалған аймақтар бойынша өнер туындыларының қалай жасалатынын білді. Кенептің, киіздің, тоқылған бұйымдардың, шығармашылыққа арналған текстуралық қағаздың, бояудың фактурасын сезіне алды.
Интернат оқытушылары мен балалардың өздері музейдегі уақыт қызықты және өте танымды өтті деген пікірімен бөлісті. Музейдегі жаңа кездесулерге дейін!