«Наурызым – асыл қазынам!»
Көктем – Наурыз мерекесі де келіп жетті. Табиғат оянып, күн шуағына бөленіп, былтырғы шөптер қар құрсауынан босап, құстар әндетіп, жан-дүниеміз жаңарып, жаңа үміт сезімі алаулайды.
Ал, бүгінде барлығының көңіл-күйі ерекше көтеріңкі. Бүгін музей қонақтары ең кішкентай көрермендер – «Айналайын» балабақшасының балалары. Олар бұл «өнер ордасында» жай ғана емес, үйрену, ойнау және көктемгі күннен оянған әтешті құтқару үшін келді.
Ай үстінде қонақтап ұйықтап отырған әтештің құлағына дабылшының дауысы жеткені сол -ақ еді, жерге құлаған әтеш қасқыр мен түлкінің қолына түсті. Дайын олжаға кенелген қасқыр мен түлкі дайын ас келді деп әтешті асып жеуге әзірленді. Осы оқиғаға куә болып тұрған Сұлу Көктем балаларды көмекке шақырды. Жақсылық пен зұлымдық шайқасы басталды.
Бірақ, ертегіде әрқашан жақсылық жеңеді. Балалар жұмбақтар шешіп, қазақ халық шығармашылығы туралы мультфильм көріп, пазлдарды құрастырып, қағаз бетіне ұлттық ою-өрнекпен безендірілген текемет жасады. Мұның бәрі Әтешті құтқару үшін жасалды…
Ертегіден кейін балалар кеш көрермендеріне өздері дайындаған көктем биін билеп әндерін сыйға тартты. Айналаның барлығы бірден көктем сазына бөленіп, жадырай түсті!