Жаңалықтар

Наурызым — салтым, жоғалып кайта табылған,
Шырағым болып алдымнан бүгiн жағылған.
Бабамның үнi ақ бата берiп жеткізген,
Әр қадамыңнан жаныма мейiрiм табылған.

Наурыз – жаңа күннің бастауы. Табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жанданып, ниеттің тазарып, жақсылықтың, ізгіліктің оянатын шағы. Әз-Наурыз тарихи құндылығын, халық арасындағы өзектілігін жоғалтпаған мейрам. Халықтық сипат алған бұл мейрамда адами құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүріміз жаңғырады.

Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде осы салт- дәстүрімізді ұмытпай ұлықтау мақсатында балалармен тамаша іс-шара өткізілді. Оған қаламыздағы №7 «Ақбота» бөбекжайының «Алтын балық» тобы қатысты. Іс-шара барысында кішкентай көрермендер ертегілер еліне саяхат жасап, музей қызметкерлерінің өнерін тамашалады. «Алдар көсе мен байдың 10 тақиясы» атты қойылым көрсетілді. «Алтын балық» тобы дайындап әкелген өнерлерін ортаға салып, баршаға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Өмірде екі байлық бар біріншісі- білім, екіншісі — өнер. Өнер — таусылмас азық, жұтамас байлық дейді халқымыз, ал өнердің ішінде ұлттық қолөнер қазақтың тарихы мен салт-дәстүрінен хабар беретін асыл мұра. Ұлттық мұрамызды ұрпақтан- ұрпаққа жеткізу біздің ұлы мұратымыз. Осы мұратқа жету барысында «Наурыз думан» кешінің соңында бүлдіршіндер ұлттық қолөнермен айналысып, тұмар жасады.

Ұлттық санамызды оятатын тамаша мерекелік шарадан қонақтар риза болып тарқасты.