Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында қаламыздың қолөнер шебері
Нысангалиева Бибігүл Төлегенқызының шығармашылығына саяхат және макраме өнері.
Макраме өнерінің тамыры ерте дәуірлерден бастау алады яғни адмазат баласы мәдениетінде еңбек өндірісінде ертеректен көрініс тапқан байырғы қолөнер түрі. Түйіндеп тоқу әдісі бастапқыда күнделікті тұрмысқа қажетті дүниелерді байлап құрау жолында қолданылса, кейінірек бұл нағыз қолөнерге ұласқандығын көре аламыз. Ертеректе теңізшілер ау тоқу және қайық желкендерімен құрал жабдықтарды мықтап байлау үшін осы түйіндеп байлау әдісі кеңінен қолданған екен. Ал ежелгі Қытай елінде бұл әдіс иероглиф жазуы пайда болғанға дейін хаттың орнына пайдаланылған болса, үнді тайпаларының арасында есеп-қисап жүргізу құралы ретінде жүрген деседі. Орта ғасырлық түркі тілдес елдер арасында бақсы- балгерлерде осы түйіндеу әдістерімен түрлі ауру-сырқауларды оқып кеселдің бетін қайтарып отырған деседі. Немесе керісінше, үйде «молшылық болсын», «көз тимесін» деген ниетпен осындай жіп түйіндерімен тоқылған сәнді әшекейлерді үй босағаларына іліп қоятын болған.
15-16 ғасырларда теңізшілердің арқасында түйіндеп байлау өнері бүкіл әлемге нағыз өнер түрі ретінде кең тараған. Жалпы түрлі әдіс тәсілдермен тоқу өнерінің атауы 19 ғасырларда әр елде түрлі атауларға ие болып жалпы өнер айдынында ортақ түсінікте – «макраме» атауымен кең тараған. Яғни макраменің түпкі мағнасы «түйіндеп тоқу» деген сөз.
Заман ағымында макраме өнерін тек қажеттіліктерді жасаудан нағыз өнер түріне айналғандығын көре аламыз. Әсіресе ортағасырларда бай – манаптардың киім кию үлгісінде жаға, етек-жең бөліктерінің айрықша нақыштала тоқылу әдісі олардың өз ортасында мәртебелерін байқатып отырған деседі.
Қазіргі таңда макраме өнерінің әртүрлі тоқылу әдістерімен кезкелген бұйымдарды жасауға болады. Әсіресе заманауй үй интерьерінде көзге ілінетін сәнді дизайндағы туындыларды атап кетсек болады. Мысалы: тербелмелі орындық, аспалы шам, сәнді перделер, дастархан секілді дүниелер. Сонымен қатар заманауй сән өнерінде әйелдерге арналған түрлі киім үлгілерімен қызықты дизайндағы сөмкелер, бас киімдер жасау үрдісі кең етек алуда. Кейінде дизайнерлер арасында макраме өнерінде сәнді паннолар тоқу әдісі де кең тараған. Дәл осындай дизайнды панно тоқудың қырсырын жетік меңгерген жергілікті қолөнершілеріміздің бірі Бибігүл Төлегенқызы. Енді бүгінгі кейіпкеріміздің шығармашылығына толығырақ тоқталсақ.
Сәндік-қолданбалы өнер шебері, оқытушы Нысанғалиева Бибігүл Төлегенқызы өзінің ұзақ жылдық тәжірибесінде макраме техникасында орындалған түрлі тақырыптағы заманауй шығармашылық туындыларын көре аламыз. Бибігүл Төлегенқызы байлап тоқу өнерінде «макро» және «микро» макраме әдістерін кеңінен қолдану арқылы таңғажайып бірқатар өнер туындыларын өмірге әкелген онсаусақ шеберлердің бірі. Өз тәжірибесінде жіптердің сан алуан түрлерімен таныс қолөнер шебері, қандайда бір туынды болмасын жіптердің сапалылығымен жуан-жіңішке өлшемдерінің талғамға сай дұрыс таңдалуына үлкен мән береді.Әсіресе күрделі шығармашылық туындыларды қолға алмас бұрын сапалы жіптердің түрлерін арнайы тапсырыстармен алдыруды жөн санайды.
1972 жылы Шығыс Қазақстан облысына қарасты Жарма ауданы Михайловка ауылында дүниеге келген Бибігүл Төлегенқызы қазіргі таңда Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде «Бейнелеу өнері және дизайн» бөлімінің білікті аға оқытушысы. Мектеп және университет қабырғаларында 30 жылға жуық ұстаздық еңбек өтілімі ұстаз әрі шебер осы күнге дейін өнегелі өнердің біраз қырларын болашақ жастармен бірге бөлісіп келеді.Шебердің өнермен ұштасқан шығармашылық маман иесі болып қалыптасуына, өз әкесі Төлеген Нысанғалиұлы ықпал еткен. Яғни әке жолымен Семей педогогикалық университетін аяқтаған Бибігүл Төлегенқызы қазіргі таңда ұстаздық қызыметімен қатар, қолданбалы қолөнерде де біраз белестерді бағындырып келетіндігін көруімізге болады. Болмысынан еңбекқор әрі іздемпаз өнер иесі, осы күнге дейін қалалық, облыстық дәрежедегі және университет қабырғасында ұйымдастырылып келе жатқан әртүрлі көрмелердің белсенді қатысушсы және біршама дәрежедегі номинация дипломдармен атаулы сартификаттар иегері. Атап өтер болсақ; Семей қалалық Ф. М. Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық мұражайында; Қалалық «Достық үйі» төңірегінде және Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде ұйымдастырылып келе жатқан айтулы фестивальдармен көрме- конкурстарында өз шығармашылығымен көзге түскен өнер иесі. Сонымен қатар Өскемен қаласы, Шығыс Қазақстан мұражай-қорығында «Шығыс жәдігерлігі атты облыстық көрме-конкурсымен Астана қаласында өткен Экпо-2017 көрмелерінің қатысушысы. 2016 жылдан бастап Қазақстан Дизайнерлер Одағы мүшелігіне енген.
Бибігүл Төлегенқызы өз шығармашылықтарында макраме тоқу өнерінен бөлек жүн ұқсату техникасында сәнді киіздер, этно-паннолар және қуыршақтар құрастыру сияқты қызықты әрі мазмұнды өнер түрлерін көре аламыз. Әсіресе кейінгі пластикалық фелтинг (ине шаншу) техникаларында орындалған көлемді тириптих туындыларынан, әйгілі суретші Нұрболан Өтепбаевтың графикалық төл өрнектері де кездеседі. Шебер, автордың рұқсатымен алынған үш түрлі зооморфты өрнектер тізбегі, түстік бояуы қанық этно-дизайнды ерекше паннолар жиынтығын құрайды. Мұнда шебер фетр материалдарынан ойылған түрлі-түсті қайталама өрнектер жиынтығы таусылмас шексіздіктің сарынын көреміз. Бірін-бірі толықтыра түсетін көлемді триптих туындысы фелтинг техникасында орындалған. Көрген көзге көңіл-күй сыйлайтын көлемді триптих қазіргі таңда университеттің көрме аудиториясы төрінен орын алған.
Бибігүл Төлегенқызы өнер түрлерінің арасында жанына жақыны бұл — макраме өнері екеніндігін айтады. Алдағы уақытта университет қабырғасында өткелі отырған жеке шығармашылық көрмесін әзірлеуіне байланысты туындыларының басым бөлігі осы макраме техникасы төңірегінде өрбімек. Әсіресе көркем панноларды құрастыру кезінде шебер макраме өнерін ілмек бізбен тоқу әдісімен біріктіре отырып орындағанды жөн санайды. Өйткені табиғат пейзажын көрсетуде түрлі түстердің болуы заңды, және кейбір табиғаттың сұлбаларын келтіруде макраме үстінен іліп тоқу әдісі өте ұтымды шешім екенін хабарлайды. Шебердің осы аралас техникада орындалған «Тау пейзажы», «Қыс мезгілі», «Екі тоғай» сонымен қатар «Калейдоскоп» атты паннолары өзіндік түстік үйлесімдікте үй интерьеріне жылу сыйлайтындай жарасымды орындалғанын көреміз.
Автор шығармашылығында мағыналы пейзеж панноларын жасаудан бөлек микро макраме әдісінде тоқылған сәнді әшекей бұйымдар топтамаларын кездестіруге болады. Шебер коллекциясындағы ақ түсті нәзік гүлді алқалар жиынтығы бір қарағанда ұсақ сумоншақтар тізбегінен құралғандай көрініс тапқан. Ал мұқият қарар болсақ олардың әр қайсысы жібек жіптерді іліп байлау әдісімен орындалған өзінше сәнді әрі тартымды әшекей бұйымдар екендігіне көз жеткіземіз. Шебердің айтуынша мұндай микро макраме тоқу әдісі өте ұсақ әрі күрделі өрнек болғандықтан шеберліктен ептілікпен мұқияттылықты талап ететіндігін ескертеді. Әрі макраме тоқудың мұндай түрі жас қыздардың ерекше қызығушылықпен орындайтын өнер түрі екендігін айтуда. Оқытушылықпен қолөнер жолын қатар алып келе жатқан өнер иесі, қазіргі таңда үш бірдей қыздардың анасы, өнегелі әрі үлгілі отбасы және шығармашылық жолында әрдайым ізденіс үстіндегі еңбекқор ұстаз десек артық айтпаған болар едік. Ұстаздық жолымен өскелең жас ұрпақ санасына өнегелі өнер шығармашылығын сіңіріп, қолөнерде сарқылмас өнер туындыларын дамытып келе жатқан Бибігүл Төлегенқызына алдағы уақыттарда шығармашылық табыстар тілейміз.
Мақала авторы: Ағарту және маркетинг бөлім жұмысының кіші ғылыми қызметкері Әлия Әбілханқызы.