Жалпы қолданбалы өнерге тән ерекшеліктер, негізінен айналадағы орта және шығармашылық еңбекпен тығыз байланысты туындайтыны белгілі. Бірақ оның өң бойындағы көркемдік эстетикалық жинақылығы оның қоғамдағы әлеуметтік ортаға тәрбиелік маңыздылық әсерінің біраз жеткіліксіз ететіндігі бар. Осының негізінде біраз шеберлер қазіргі таңда өз шығармашылықтарын заманауи талғаммен жетілдірумен қатар, мәдени құндылықтарымыздың элементтерін қосып безендіру жолдарын ұстануда. Дәл осындай ұлттық құндылықтарымызды талғаммен дамытып, ұстаздық жолмен жастар санасына дәріптеп келе жатқан шеберлеріміздің бірі Мақажанов Болат Хамитұлы. Бородулиха елді- мекенініде дүниеге келген шебер, бала кезден сурет салу, ағаш ұқсату өнеріне қызығушылық танытып, мектеп қабырғасы қолөнер үйірмелеріне қатынасқан. Бала кезден түрлі ағаш діңгектерінің қыр-сырларын танып өскен шебер, ең алғаш қарапайым ағаш қасықтың сұлбасын ойып жасаған сәттерін осы күндері сағына еске алады. Есейе келе түрлі құрылыс нысандарында ағаштарды ою, жону және түрлі пішіндерге түрлендіру тәсілдерін үйрене жүріп, қолөнершілікке толығымен бой ұсынады. Шебер осы қолөнершілік жолын Шәкәрім атындағы жоғарғы оқу орнында шыңдай түсіп, ауыл мектептерінде ұзақ уақыт ұстаздық еткен. Қазіргі таңда шебер қаламыздағы «Ата-ана қамқорынсыз қалған жетім балалар мектеп-интернатында» еңбекке баулу пәні бойынша ұзақ уақыттан қызмет етіп келеді. Шебер өз шәкірттерін ұлттық қолөнерге құрметпен қарауға сонымен қатар әр затты жасағанда оның әр бөлшегінің әсемдігінен эстетикалық ләззат алатындай оның мазмұнын тереңірек түсініп, патриоттық сенімін оята білуге үйретуден жалықпаған.
«Бүгінгі шәкірт-ертеңгі маман» дегемекші шебердің жетекшілік етуімен ауыл мектебінің біраз оқушылары түрлі байқауларда топ жарғандығы белгілі. Ұстаздың көрегенді еңбектерінің нәтижелерінен бой түзеген шәкірттерінің бірі, қазіргі таңда қаламыздың әкімшілік басқармасында қызмет атқарып келе жатқан Садырбаев Айдар Серікқазыұлы. Ол 2000 жылы мектеп қабырғасында жүргенде Болат Хамитұлымен бірлесе орындаған туындысы облыстық «Жастар шығармашылығы» көрмесінде топ жарған екен. Шебердің біраз таңдаулы туындылары облыстық музей экспозицияларынан орын алған. Атап кетер болсақ туған жері Бородулиха аулы мұражайында «Дала шежіресі» туындысы, Нұрсұлтан қаласы музейлерінің бірінде «Абай медресесінің макеті», және ШҚО «сәулет этнографиялық және табиғи ландшафтық музейінде «Ақындар сыр шертеді» атты таңдаулы туындысы қойылған.
Болат Хамитұлының қолынан шыққан ұлттық ыдыс-аяқ түрлерімен сылқым қара көздерімізге арналған өрнекті қобдишалар жиынтығы, өзіндік нәзік жинақылықтарымен көз тартады. Сонымен қатар шебердің соңғы жылдары жасаған; «Ғасырлар сыры», «Ұлы дала әуені» және «Дала сазы» атты композициялы өнер туындыларынан өзіндік этно-мәдени түр-пішіндерімен философиялық ой-толғамдарға толы ұлттық нақыштарға өте бай. Сонымен қатар шебер, әрбір туындыны әрлеу кезінде, қосымша аралас техникаларды талғаммен қолдана білу арқылы өзіндік көркем образдарын арттыра түсетіндігін байқауымызға болады.
«Нағыз жүйрік нақ бәйгеде сыналар» дегендей шебер осы күнге дейін өлкеміздің айтулы шеберлерінің бірі ретінде қалалық аймақтық және облыстық көрме сайстарына үздіксіз қатысып келеді. 2011, 2012, 2013 жылдар аралығында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған халықаралық фестивалі жіне «Ертіс маңы әндері» атты Х мерейтойлық фестивалі қатысушысы және лауреаты; «Туризм. Саяхат. Демалыс» атты алғашқы туристік және «Көктем әуендері» атты облыстық сәндік-қолданбалы өнер көрмелерінің қатысушысы. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан музей-қорығы көрмесінің және Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде «Қазақ қолөнершілерінің І, ІІ, ІV аймақтық фестивальдарының тұрақты қатысушысы.
«Өнер халықтан қолдау тапса ғана өмір сүреді» демекші Болат Хамитұлының қолынан шыққан әрбір туынды әрдайым халық сұрамына ие және халық мойындаған сәндік-қолданбалы өнер шебері. 2017 жылдан бастап Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі және Нұрсұлтан қаласында өткен ЭКСПО -2017 көрмесінің қатысушысы.
Мақала авторы: Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі, «Ағарту және маркетинг бөлім жұмысы» қызметкері Әлия Әбілханқызы.