Биыл ХХ ғасыр қазақ әдебиетінің проза, поэзия және публицистика жанрларын бір арнаға тоғыстырған, жаңашыл дара жазушы – Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл. Өлке жазба әдебитінің тұғырын биік ұстап, дамуына үлес қосып келе жатқан ерекше тұлғаларымызды ұлықтау, олардың өшпес шығармашылығын өскелең ұрпаққа дәріптеу, әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Қаламгердің, өзі туып-өскен табиғатына ұқсас сылқым мінезі, өлке төсінде еркелеп өскен кермаралдай лиризімге толы шығармашылық ұстанымы, еліміздің шығыс өңіріне тән бай әдеби қорына өз тарапынан жаңашыл бағытта үлес қосқандығы баршамызға мәлім. Кеңес заманындағы қазақ әдеби шығармаларын реалистік, романтикалық, мифтік тұрғыда жаңаша жаза бастаған жазушы ретінде қаламгер,өз оқырмандарын баурап алған талант иесі десек артық айтпаған болар едік. Жазушы шығармаларының бір ерекшелігі, шығарма кейіпкерлерін суреттеуінде адамды сыйлау ардақтаумен қатар, адам психологиясына тереңірек үңіле отырып адами қасиетті көбірек меңзейтіндігі байқалады. Сонымен қатар өз туған жерінің тамаша табиғатының нәзік көріністерін романтикалық келісті иірімдерімен сөз саптай отырып, өз ортасының шынайы шындығымен қарапайым халқының тұрмыс-тіршілігін асқан шеберлікпен суреттейтінін көре аламыз.
Жазушының қарапайым оқиғаалар төңірегінде өрбіген әрбір әңгімесінің астарында, ел, жер тағдырына алаңдаған бір астарлы оймен, бір ұлттың асқақ арман-тілегі бұғып жатқандықтан, оны бірден түсіну қиын. Сондықтанда оның шығармалары бір рет емес бірнеше қайтара оқып шығуды сұранып тұратындай көрініс табады.
Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында, жанұяда бес қыздың арасында жалғыз ұл болып дүниеге келген болашақ қаламгер, бала кезден көптің қамқорлығын сезініп еркін, елгезек өскен деседі.Оның дүние есігін ашқан уақыты соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген. Әкесі Бөкейдің Оралға еңбек майданына аттанып кетуіне байланысты, Анасы Күлия жолдасының аман-есен оралуын ырымдап, сәбиінің есімін Оралхан деп қойған екен.
Мектеп қабырғасында оқуға жүйрік, әрі озат болған болашақ жазушы, тіл мен әдебиеттен бөлек есептік пәндерді жетік меңгергендігі ел аузында. Жазушы болуды бала кезден армандаған болашақ қаламгердің мектеп қабырғасынан- ақ “Бригадир” деген әңгімесі жарық көріп үлгерген екен. Бұл болашақ қаламгердің бала қиялынан туған алғашқы шығармасы.
1961 жылы С. Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін үздік аяқтаған жас жазушы,
Алтай совхозы қызыметінде екі жылдай кідіріңкіреп, 1963-1969 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай білім алған. Бұл мамандықтың өзі, анасының өтінімімен, арманшыл жас талапкердің өз таңдауындағы актёрлік өнер оқуын шарасыздықтан аяқтамай тастауымен бұйырған деседі.
Оралхан Бөкей 1965-1968 жылдары Большенарым ауданының «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, Шығыс Қазақстан облысының «Коммунизм туы» («Дидар») газетінде әдеби қызметкері қызметін атқарып келген.
Қандай да бір талант иесінің артында өз ісінің білгірі, тау тұлғаның тұратындығы ешкімге жасырын емес. Қазақ баспасөзінде “Шерханның шекпенінен шыққан” деген сөзде осыдан пайда болса керек. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, әйгілі жазушы Шерхан Мұртаза еліміздің бас басылымдарында редакторлық қызмет атқарған жылдары, қазақ даласынан шыққан біраз жас таланттардың бағын ашып, бойларына қанат бітірген біртуар тұлғаларымыздың бірі болған деуге болады. Солардың арасынан, сөзге шешендігінен бөлек, турашылдығымен тұлғалық болмысы біте қайнасқан болашақ жазушы да бой көрсеткендігін байқаймыз. Асқар Алтайдың қойнауындағы арманшыл қаламгердің дара дарынына еш күмән келтірмеген Шерхан Мұртаза, оны Алматыдағы басылым редакциясына жұмысқа алдыртады. Осы кезден бастап жалындаған жас қаламгердің қазақ әдебиеті шығармашылығында жазушылық талантының нық қадамдарын дәлелдей түскендігін көреміз.
Оралхан Бөкей, 1974-1983 жылдары «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі, 1983-1991 жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары, 1991-1993 жылдары бас редакторы қызметіне дейін қол жеткізген. Сонымен қатар өзінің ізденімпаз талатының арқасында 1991 жылы «Аққұс» әдеби ұйымын құрған тіл жанашыры ретінде өз ортасына танымал.
1970 жылы Алматыда, “Жазушы” баспасынан басылып шыққан “Қамшыгер” атты алғашқы жинағы жас қаламгердің талантын ашып, танымал болуына өз септігін тигізген. Осы баспадан өз жалғасын тапқан “Үркер”, “Қайдасың, қасқа құлыным?” және “Мұзтау” атты әңгімелерімен повестерінің жарық көруі оның есімін әрмен қарай асқақтата түскендігін байқаймыз.
Қаламгердің «Апамның астауы» атты әңгімесінде нағыз егде жастағы қазақ әйелдеріне тән рухани қасиеті шебер суреттелгендігін көреміз. Ол қазақ ұлтына ғана тән этно- байлығының негізін, қамқор да, еңбекқор әйел бейнесімен байланыстыра отырып айқындай түсетіндігімен ерекше. Әңгіме барысында «Апам менің…» деген сөз тіркестің жиі қайталанып келуі, кейіпкердің анаға деген сағынышымен іштей алаңдаушылық толғанысы , ұлттық тәрбиемен ұштаса түсетіндігі сезіліп тұрғандай. Авторды қысқа да нұсқа өрбіген бұл әңгіме желісі «Адам өмірі де қаңсыған астау секілді қаңсып қалады екен-ау» деген өкінішке толы түйінді жасайтындығымен терең мағыналы болып келеді.
Мазмұн тереңдігімен, ерекше көзге түскен «Терісаққан», «Бура», «Қамшыгер», «Кербұғы» атты шығармалары, қоғамға, өмірге, табиғатқа деген көзқарасы тұрғысынан баяндалғандықтан, философиялық ой-тұжырымдарға елеулі орын берілгендігімен күрделі. Әңгіме барысы авторлық ой, кейіпкер монологы арқылы өрбиді. «Терісаққан» – Кеңес дәуіріндегі қазақ халқының «трагедиялық хал-күйін» көрсететін әңгіме. Мұнда ешқандай кейіпкер де, тартыс та жоқ. Оқиға желісі автордың өткенге көз жіберу арқылы тарихи тоқырау жылдарындағы қазақ халқының ұлттық дәстүрінен айырылып бара жатқанын іштей тебірене жазаатынын байқаймыз. Жазушы шығармалары, кез келген оқиға төңірегінде өрбіген адам жандүниесіндегі күйзелісі кейіпкер сөзімен жеткізе білетіндігімен әсерлі, әрі терең мағналы.
Оралхан Бөкейдің көптеген повестері – лиризмге толы туындылар. Бұл орайда жастықтың арманы мен іңкәрлігіне толы «Қайдасың, қасқа құлыным» поэмасын айтуға болады. Ересектікке жол тартқан «Елең-алаң» шығармасы да адам жанының өзгеше бір күйінен сыр шертеді. Диалог, монологтарды құруға келгенде қаламгер шеберлігі мен қолтаңбасына қатысты ерекшелігі – жазушы кейіпкерлерді әрқилы сөйлете біледі. Образды ашатын, шығарманы шындыққа жанастыратын құрал кейіпкер сөзін жазушы өте орынды қолдана білген. Бұған жазушының «Қасқа құлында» төрт кейіпкердің монолог-ойын төрт түрлі етіп ұсынғаны әдемі мысал бола алады.
Оралхан Бөкей – қазақ әдебиетінің ғана емес, күллі әлем әдебиетінің тарихынан өз орнын айшықтаған Қазақ ұлтының бағына біткен акиық тұлғалардың бірі. Және сол еңбектеріне сай көзі тірісінде-ақ жазба әдебиетінің біраз марапаттарын иеленген.
1976 жылы “Құлыным менің” пьесасы үшін Қазақстан Республикасы жастар сыйлығының лауреаты, және “Найзағай ізі” повестер мен әңгімелері үшін бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты атағына ие болған.
1986 жылы “Біздің жақта қыс ұзақ” повестері мен әңгімелері үшін Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағын иеленген.
Саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен қазақ журналистикасына сарп еткен Оралхан Бөкей 1993 жылы 17 мамырда Үндістан жерінде іс сапарда жүріп, Делиде көз жұмған.