Юлий Владимирович Невзоровтың есімі біздің қаламыз ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды. Сонау 80-ші жылдары ол отбасымен бірге Семейге өзінің ең асыл қазынасын, бүкіл өмірін арнағаны бірегей коллекцияны тарту етті. Бұл тамаша адам біздің жерімізді, қаламызды таңдады. Қазіргі кезде Семей тұрғындары мен қонақтары кез-келген уақытта К.П. Брюллов, И.И. Шишкин, И.И. Левитан, В.А. Тропининнің және басқа да танымал, сүйікті суретшілерінің картиналарын көріп таныса алады.
Юлий Владимирович Невзоров бүкіл өмірін бейнелеу өнері көркем туындыларын жинауға және зерттеуге арнады.
1880 жылдардың басында Юлий Невзоровтың атасы Сібірге жер аударылады. Әжесі өз еркімен күйеуінің артынан сол жерге қоныстауға барады. Бодайбо жерінде олар 5 баланың әке-шешесі атанады. Юлий Владимировичтің әкесі, Владимир Игнатьевич отбасының үлкені. Анасы жағынан туыс атасы да Бодайбоға жер аударылып, оның да жұбайы, яғни Юлий Невзоровтың екінші әжесі де өз еркімен күйеуінің артынан барған. Осылайша, Юлий Владимировичтің анасы Сібірде туып өседі, онда болашақ жұбайымен кездеседі, Юлий Владимирович Невзоров дүниеге келеді.
Юлий Невзоров 1913 жылы Иркутскі қаласында дүниеге келген. 1924 жылға дейін осы қалада өсіп, оқыды. Содан кейін отбасы Мәскеуге тұруға көшеді. Құрылыс-конструкторлық техникумын, содан кейін Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын бітіреді. ГИНСТАЛЬКОМ-да ғылыми-зерттеу жұмысы жөніндегі инженер міндетін атқарушы болып жұмыс істеді. Бұл — болат көпірлер жөніндегі мемлекеттік ғылыми-зерттеу институты. Зерттеу бағыты бар жұмысқа байланысты Невзоровта жас кезінен бастап зерттеушілік қабілеті және әр бизнесте белгісіз заттарды іздеуге деген құштарлығы оянады. Сондықтан, жинақтау қызметінде ол «жоғалған» кескіндеме туындыларын іздеуге көбірек қызығушылық танытты. Айта кету керек, оның ата-анасы да кескіндеме өнерін өте жақсы көретін, анасы сурет салуды ұнататын. Олар көркем көрмелерге жиі барып, кейде өздеріне ұнайтын картиналарды сатып алатын.
Юлий Владимирович өзінің алғашқы картинасын 17 жасында сатып алған. Картина коллекцияларын жинауда оның өз принциптері болды. Ол одан ешбір жағдайда бас тартпаған. Мысалы, ол тек нақты, реалистік бағыттағы өнер туындыларын жинады. Өзінің өмірбаянында былай деп жазды: «Ешқашан коллекцияға формалисттік бұлтартпалары бар, яғни заттың нақты пішіні, бояу түстердің шынайы түстері өзгертілген жұмыстарды сатып алмадым». Пейзаж жанрына басымдылық берген, соңынан этюдтер жазуды қолға алады. Ол этюдтер арқылы суретші өз заманының барлық сезімдерін, ойлары мен дүниетанымын жеткізеді деп сенді. Өзінің жазбаларында: «Этюдтерге зер салып, мұқият қарау керек екенін білесіз бе! Этюдтер арқылы суретшінің бүкіл жан-дүниесінің әлемі ашылады. Бір жерге жиналған этюдтер – этюдтер музейі, ол кез-келген заманауи музейге қарағанда адамзатқа мәдениетті біліп түсінуге көп көмегін тигізер еді!» — деп жазған.
Оның жинақ қызметінің ең басты мақсаты және ең таңқаларлығы – Юлий Владимирович «жойылуға» аз қалған, ұмытылған өнер туындыларын құтқару, оларды болашақ ұрпақ үшін сақтап қалу, қалпына келтіру жұмыстарымен айналысқан. Ол көбінесе белгісіз авторлардың картиналарын сатып алу кезінде, тәуекелге бас тігетін. Кейбірде «ұтылып» та қалатын. Бірақ ең бастысы, ол көптеген жұмыстарды сақтап қалып, оларға екінші өмір сыйлаған.
Әрбір картина – сурет иесі үшін туған баласындай. Кез-келген ата-ана үшін ұрпағының тағдыры маңызды емес пе, жинаушы үшін де, оның коллекцияларының тағдыры маңызды болып табылады. Осылайша, Юлий Владимирович 1962 жылы 50 жылдық мерейтойы қарсаңында өзінің коллекция қазыналарының болашақ тағдыры туралы ойлана бастады. Осы уақытқа дейін оның коллекциясында 500-ден астам кескіндеме және графика туындылары, негізінен XVIII-ХХ ғасырдың басындағы орыс суретшілерін қамтыған. Юлий Невзоров өзі туған Иркутск қаласына коллекция жинақтарын беруге шешім қабылдады. Бірақ бұл Невзоровтар отбасының коллекцияларының шығармалары сақталған жалғыз ғана қала емес. Өздеріңіз білетіндей, Юлий Владимирович көрмеге өз коллекциясын жеңіл ұсынатын. Невзоровтар отбасы коллекциясының картилары Минск, Новосібір, Томск, Омбы, Иркутск, Улан-Удэ, Кисловодск, Винница және басқа да, жалпы жиыны 15 қалада көрмеге қойылды. Әр қалада сый тартулар ретінде картиналар қалып отырды. Біздің музейде Невзоровтар отбасы көрмеге қойылған өздері беруге қимаған екі жұмысты қоспағанда, барлық картиналарды қалдырды. Содан кейін де сый тартулар болып жатты, жалпы Невзоровтар отбасы музейге 569 өнер туындыларын сый тарту ретінде берді.
Ал, бүкіл өміріңді сарп етіп арнаған ісіңді қолдан бере салу оңайға түспейді. Бірақ Юлий Владимирович бұл игі істі жасай алды. Ол әрқашан өзінің картиналарын адамдардың көріп сүйсінгенін қалады. Ол бейнелеу өнері барлық әсемділікті және көркемсурет өнеріне талғампаздықты тәрбиелеуге көмектеседі деп шын жүректен сенді.
Невзоровтар отбасы атындағы өнер музейінің ғылыми қызметкері Ильвира Халитова.