Табиғат әсемдігін, адам сұлулығын сөзбен, музыка және суретпен де айтып жеткізу ерекше дарындылардың қолында. Олардың бірігуі әрқайсымыздың жүрегімізге жылуылық сыйлап, көңілімізге шуақ бере алады. Кейбір осындай өнер туындыларына қарап тұрып, рухани позитивті энергия аламыз. Жаздың лебі аңқыған, мына кенеп бетіндегі бояулар гармониясының өзі жанарымызды тыныштандырары анық.
«Менің қаламда» атты бұл шығармада, жайдарлы жаздың жайма шуақ күнінде бейтаныс арулардың серуендеп жүріп, сырласу сәтін көреміз. Екі нәзік жан бұл композицияның басты рөлінде болғанымен де, картина жарық-көлеңкелер арқылы бірнеше кеңістікке бөлінген. Әрқайсысының өз кейіпкерлері бар. Бірі немерелерін ертіп жүрген қария, екіншісі еміс-еміс байқалатын, арба итерген бұлдыр бейне. Олардың барлығы қалалық саябақта демалып жүрген кейіпте. Бір қызығы, жағылған бояу дақтары бір толқынды қозғалыста жылжып отырып, ою-өрнектер тәрізді геометриялық жазық пішіндер құрайды. Дегенімен, олар тегіс болуына қарамастан, әрбір силуэттің көлемдігі және кеңістік тереңдігі айқын байқалуда. Әрине бұл көлеңке мен жарық ойыны, қарама-қайшы түстердің гормониясының нәтижесі. Түстердің шекарасы анық болып басылмаған, бір бояудың екінші бояуға ақырын барып, өзгеріп өтуі көзге жеңіл қабылданады. Яғни, бірсарынды лирикалық әуен сияқты. Бұндай ерекше жазу мәнеріне үлкен еңбекқорлығының арқасында жеткен автор, қазақ халқының дарынды суретшілерінің бірі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Сабыр Әбдірәсілұлы Мәмбеев (1928-2017).
1950 жылдарының басында Ресейден оқуын шыңдап келген алматылық жас суретші, кескіндеме өнерінде мықты колорист ретінде өз таңбасын қалдырады. Білімге толы, талантты шебер бейнелеу өнер арқылы туған жерінің табиғаты мен салт-дәстүрін паш етіп, өзіндік бір сарынмен жандандыра бастайды. Пейзажбен қоса портрет жанрын да сала жүрген шебер, шынайылықты аса қолдайтын. Қылқаламының ұшы тиген әр туындысындағы қоршаған ортамен тілдесіп отырып, өзінің мейрімділігі мен махаббатын аямаған. Өз заманының көптеген жастарына үлгі болған реалист-суретшінің қазақ өнерінде жасаған жетістіктерімен, өзгеше жазу стилі туралы көптеп жаза беруге болады. Оның барлығы енді тарихта қалса, туындылары бізге және келер ұрпаққа ұлттық мұра болып сақталады.
Орындаған: кіші ғылыми қызметкер Жакеева Г.О.