Семей қаласындағы гимназияны бітіргеннен кейін Виктор Николаевич Белослюдов Мәскеудегі Император Строганов орталық көркемсурет-өнеркәсіп училищесінде оқыды, онда оның мұғалімдері С. Иванов, Н. Андреев, К. Первухин болды. Оқу барысында ол Третьяков галереясының фронтонын әшекейлеу үшін В.М. Васнецовтың «Жеңімпаз Георгий» суретін үлкейту жұмысына қатысқан. Суретші К. Степановтың шақыруымен Чудов монастырының қабырғаларын өрнектеу жұмыстарына қатысты.
1906 жылы оқуды аяқтағаннан кейін жас суретші Семейге оралды.
Виктор Николаевич Белослюдов – біздің қала мен бүкіл Қазақстан үшін бірегей және өте маңызды тұлға, өйткені ХХ ғасырдың басында, біздің республикада бейнелеу өнері пайда болған кезде, ол Семейде көркем студияны ашты, көркем көрмелер ұйымдастырумен айналысты. Ол тек жергілікті шеберлердің көрмелерін ғана емес, сонымен қатар Ресейден суретшілерді шақыра алды. 1909 және 1913 жылдары В. Белослюдов құрастырған каталогтар сақталған.
Виктор Николаевичтің жазбаларының арқасында бізге алғаш рет XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Семейде тұрып және жұмыс істеген суретшілердің есімдері белгілі болды. Олар О. Васильев, П. Полин, В. Халдеев, В. Колмаков, Е. Рунин, А. Белослюдов, Винокуров.
1913 жылы Семей қаласының Қоғамдық кітапхана ғимаратында өткен көрмеде жергілікті суретшілермен бірге Омбы қаласы (И. Волков. «Алтай. Тау өзені», К. Куртуков «Көктемге. Этюд», В. Конева «Бау-бақша»), Қазан (белгісіз суретші «Христостың басы»), Красноярск (Д. Каратанов «Енисей өзенінде»), Саратов (А. Никулин «Тюдралдағы аула. Алтай»), Мәскеу (И. Порфирьев «Портрет»), Санкт-Петербург (Н. Рерих «Пер Гюнт», «Старый араб», «Озе» пьесаларына костюмдер эскиздері), Томск (П. Тарский «Кеш», М. Щеглов Л. Толстойдың «Анна Каренина» романына иллюстрациясы) шеберлері қатысқан. Көрмеге барлығы 166 жұмыстар қойылған!
Виктор ағаларымен бірге фольклор, көне музыкалық аспаптар, құнды кітаптар, бейнелеу өнері туындылары мен т.б. жинақтады. Өкінішке орай, Виктор Белослюдов өте қысқа өмір сүрді.
1916 жылы 16 қазанда «Сибирская жизнь» газетінде былай деп жазылған: «Семей 28 наурызда суретші В.Н. Белослюдовтың жерлеуінде байқалғандай халықтың үлкен тоғысуын көрмеді. Бүкіл қала марқұмның мәйітінің қасында жиналғандай болды. Оның табыты гүлдерге лық толы болды. Мектеп, оқушылар жақсы көретін, таптырмас педагогттан бір сәтте айрылып қалды… Тамаша ұстаз, өз өлкесін сүюші, өлке патриоты, коллекционер, сүйкімді суретші, марқұм өз өмірін адал қызметінің терең мағынаға ие болған аса көрнекті мүдделермен толтырды… бұл өлкенің жылнамаларында марқұмның есімі көркем әріптермен жазылды».
Мұнда ұсынылған жұмыстар Владивосток қаласының (Ресей) өлкелік музейінде сақталуда. Бұл жұмыстарда біздің өлкемізді, ХХ ғасырдың басындағы Семей қаласын, Белослюдовтар отбасы үйін көреміз, онда 1906 жылы ағайынды Белослюдовтардың бірегей музейі ашылды.
Өз ұстазы Виктор Николаевич Белослюдовтың ісін оның сүйікті шәкірттерінің бірі Виктор Халдеев жалғастырды. Ол туралы келесі басылымда айтамыз.
Мақаланы дайындаған музейдің ғылыми қызметкері И.Халитова.