«Алғашқы шақырылымның соңғы авангардисты» Сергей Калмыков өзін-өзі: «Түсті геометрия магистрі, толқынды желілер мен желілік өнер гроссмейстері, Жердің бірінші рангіндегі, әлемнің және оның төңірегіндегі данышпандар, Жер шарының ең сырбаз, ұлы, ұлтшыл және мінсіз ер адамы…» — деп таныстырған.
Сергей Иванович Калмыков (1891-1967) Самарқандта дүниеге келген. Көп ұзамай отбасы Орынбор қаласына көшіп, онда ол гимназияда оқыды. 1909-1910 жылдары Мәскеу қаласында тұрды, К.Ф. Юонның көркем мектебіне және Мәскеу кескіндеме, мүсін және сәулет училищесінің дайындық курсына барды. 1910 жылдың күзінде Петербург қаласына барып, К.С. Петров-Водкин және М.В. Добужинскийлерден оқыды. Революциядан кейін Сергей Қалмыков Орынборда өмір сүрді. 1919, 1920, 1921, 1924 жылдары «Жар-цвет», 1926 (РРСҚ), 1931 (РСҚ) Орынбордағы көрмелерге қатысты.
Өнертанушы Е. Ким: «Калмыковтың көркемдік қалыптасуы 1910 жылдары болды» — деп жазады. Мәскеуде және Петербургте бұл әр түрлі шығармашылық топтардың белсенді өнер көрсету уақыты болды. «Серебряный век» ақындар тобы пайда болады. Осы жылдары ғылымға деген қызығушылықтың аса түскені байқалады. Чижевский және Циолковскийдің жұмыстары замандастарының таңданысың тудырған, ғарышқа ұшу мәселелері көптеген ойшылдарды ойландырған». Бұл уақыт М. Шагал, В. Кандинский, К. Малевич, М. Ларионов, П. Филоновтардың шығармашылықтарының шарықтаған кезеңдері болды. Осы «данышпан» туындысының әсерінен Калмыков ХХ ғасырдың орыс кескіндемесінің барлық кезеңдерін: импрессионизмнен абстракционизмге дейін зерттей отырып, өзінің стилі мен жеке көркем жазбасын ойлап тапты.
1935 жылы Калмыковты композитор Евгений Брусиловский Алма-Атаға Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына қоюшы-суретшісі болып жұмыс істеуге шақырған болатын. Ол осы театрда көптеген жылдар бойына жұмыс істеген. Театр оның екінші үйі атанды. Көп уақытын декорациялар мен костюмдерді жасауға бөлген және өзі бір жағынан актерде болып кеткен. Ол есі ауысқан адам сияқты тігілген кең балақ шалбар мен қызыл «ұшатын тәрелкеге» ұқсайтын берет киіп жүретін. Бірақ өзі үшін емес, адамдар да үшін емес, арнайы Галактика үшін киінетін. «Ғасырлар түкпірінен бізге миллиондаған көздер қарап тұрғандай. Олар не көреді? Жер бетімен біртүсті сүрқай масса жылжып келе жатқан көріністі ғана көреді … Кенеттен – жарық жарқыл! – жарқын түсті дақ: бұл мен далаға шықтым!»- деп жазады Сергей Калмыков.
Театрдағы ресми жұмыспен қатар, ол өзінің сүйікті шығармашылығымен айналысты. Өзінің бірегей кескіндеме стилінде жұмыс істеді. Ол басқа модернистер сияқты үйреншікті өнер шеңберінен, реализм шегінен шығуға, айналадағы өзін және әлемді білдірудің жаңа қырларын ашуға тырысты. Ол абстрактылы, жартылай фигуративті және фигуративті композицияларды, экспрессия, түстердің жарықтығы, анық сызықты сурет тән өз стилін жасады. Сергей Калмыковтың суреттер әлемі фантастикалы, кейде суретші ойлап тапқан спектакльге үлкен декорацияға ұқсайтын.
Қалмыков Суретшілер Одағының мүшесі болды, бірнеше рет әртүрлі грамоталар алып, ерен еңбегі үшін медальмен марапатталды.
Өкінішке орай аурудың өршуі басталып, ол көп ұзамай психиатриялық ауруханада 1967 жылы әлсіреуден қайтыс болады. Суретші жалғыздық және кедейлік кейпінде қайтыс болады. Оның мұрасы тек жұпыны үйшік пен қолжазбалар байламы ғана еді. С.Калмыковтың жұмыстарының арасында романдар, нақылдар, афоризмдер, әртүрлі космогоникалық схемалар мен олардың сипаттамалары, фантастикалық жобалар, хаттар, күнделіктер, эскиздер мен аяқталған жұмыстардың көп бөлігі бар еді. Олар суретші қайтыс болғаннан кейін, он жылдан соң ғана лайықты бағаланған.
Музейдің ғылыми қызметкері Лаура Шинжина