2024 жылдың 20 наурызында Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде жаңа көрме ашылды. Музейдің жеке қорынан өткізілетін «Тарих сыр шертеді» көрмесінде 100-ден астам қазақ халқының зергерлік бұйымдары, кескіндеме және графикалық шығармаларымен қатар қолөнер туындылары көрермен назарына ұсынылады.
Көрме Наурыз мейрамына орайластырылған. Оның мақсаты – қазақ халқының мәдени мұрасын дәріптеу, оны жаһандану жағдайында болашақ ұрпақ үшін бастапқы күйінде сақтау, өйткені сәндік-қолданбалы өнердің әрбір түріндегі дәстүрлі технологиялар Қазақстан өнерінің тарихын зерттеу үшін зор маңызға ие.
Экспозицияда кілемдер, теріден және ағаштан жасалған бұйымдар қойылған. XIX ғасыр мен XX ғасырдың бірінші жартысында зергерлер қолынан шыққан қазақи күміс зергерлік бұйымдар көрменің сәні болмақ. Эстетикалық жағын ғана емес, сондай-ақ, діни – идеологиялық, әдеп-ғұрыптық, салт-дәстүрлік маңыздылықтарын да ескеріле отырып жасалған бұл зергерлік бұйымдар орындалу шеберлігімен таң қалдырады.
Көрмеде Қазақстанның танымал суретшілері К-Г. Қаржасов, Б. Тоқмұрзанов, А. Бижанов, Н. Өтепбаев, А. Рахмановтардың картиналары символизмімен, өрнектілігімен, сәнділігімен ерекшеленеді.
К-Г. Қаржасовтың «Күй», «Ошақ басында» шығармаларынан суретшінің туған өлкенің жұртшылығына деген ыстық ықыласын көреміз. А. Бижановтың «Киіз үй тігу» картинасы көшпелі қазақтардың күнделікті тұрмыс- тіршілігінен сыр шертеді. А. Рахмановтың «Айтыс», «Қазақ әуендері» графикалық парақтары әуезді әнге толы, өзінше монументальды әрі асқақ. Осы композицияларда ұлттық мереке рухы берілген. Н. Өтепбаевтың «Немере», «Талтүс» «Шыңда» сюжеттік композициялары жылулыққа толы, суретшінің балалық шағынан жарқын естеліктері, көрерменді ауылдың жайбарақат өміріне енгізеді.
Экспозицияның атауы оның мәнін өте дәл көрсетеді: ұсынылған жұмыстар қазақ сәндік-қолданбалы өнерінің дәстүрлі бағыттарын жақсы суреттейді: қабырғаларда — қазақ халқының тұрмыс — тіршілігін бейнелейтін суреттер, тұскиіздер, гобелендік паннолар, түксіз кілемдер, әйнектің астында — зергерлік бұйымдар.