Соғыс – бұл тек майдандағы оқиғалар ғана емес, сонымен бірге өнерде бейнеленген терең тәжірибе. Ғасырлар бойы суретшілер, мүсіншілер мен ақындар соғыс тақырыбына бет бұрып, оның сұмдығы мен қаһармандығын, қасіреттің ащысын және бейбітшілікке деген үмітін жеткізуге тырысты. ҰОС жылдары көптеген суретшілер майданға аттанып, сол жердегі оқиғаларға өздері куә болып, реалистік, халықты шабыттандыратын және жауынгерлер мен бейбіт тұрғындардың рухын көтеретін картиналар мен плакаттар жазды. Олардың туындылары сол дәуірлердің маңызды куәлігіне айналды және бүгінгі күнге дейін өзекті болып қала береді. Ал суретшілердің кейінгі легі соғыс қақтығыстары олардың салдарымен байланысты тақырыптарды зерттеуді жалғастырды. Осы уақыттары соғыс трагедиясы, бейбітшілік, қалпына келтіруге деген ұмтылысты бейнелейтін шығармалар пайда болды.
Сол суретшілер қатарына қазақстандық суретші Тоқболат Тоғысбаев та жатады. Тоғысбаев Тоқболат (1940–1996) кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Суретшілер Одағының мүшесі Шымкент облысының Георгиевский ауданының Оңтүстік ауылында 1940 жылы дүниеге келген. Ағасы Тасболаттың ықпалымен І сыныптан сурет сала бастаған. Мектепті аяқтаған соң Ташкенттегі көркем училищеге түсіп, 1963 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне ауысып, оны 1965 жылы аяқтап туған ауылына оралады. 1967 жылы алдағы Республикалық көрмені естіп, елордаға бірнеше туындысын әкеледі. Белгісіз дебютанттың барлық жұмыстары сөзсіз қабылданып, оның үстіне өнер мектебінде сабақ беру ұсынылып сол кездерден өнер жолы белсенділікпен басталады.
Суретші ұлттық тарихи-мәдени және рухани мұраға үнемі қызығушылық танытып, оны әлемдік көркем мәдениеттің дамуы мен жетістіктерін жалпы адамзаттық құндылықтармен байланыстыра білді.
60-70-ші жылдары белсене жұмыс жасаған Тоқболат Тоғысбаев ұлттық бейнелеу өнерінде өзіндік қайталанбас қолтаңбасын анықтап, өшпес із қалтырды және оның қылқаламынан көптеген пейзаждар, портреттер, натюрморттар жарық көрді. Бүгінгі таңда автордың туындылары Қазақстан музейлерінде, Третьяков галереясында және шетел мен отандық жеке жинақтарында сақталуда.
Соның ішінде Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі қорында автордың бес туындысы сақталуда. Оның бірі «Қала жайлы әңгіме», екіншісі «Ымырт», ал үшеуі көзтартарлық, адам жанын тітіркендірер триптих «Күй. 1941».
Кенеп бетінде соғыс тақырыбын сиппаттау өте күрделі. Соғыс адам баласын ең қымбаттысынан: біреуді ата-анасынан, біреуді баласынан айырды. Қаншама халықтың жандүниесіне жара қалдырып қана қоймай, күш жігерге толы ер азаматтарды кемтар ғылып қаншама адамдардың тағдырына қайғылы із қалдырды.
Т. Тоғысбаевтың соғыс тақырыбымен біріктірілген үш үлкен картинасы Қазақстан өнері экспозициясында ерекше орын алады. Бастапқыда таңдалған триптихтің сыртқы төртбұрышты пішіні оның мағынасын қарапайымдылықтан жоғарылатады. Қоңыр-жасыл және қанық қызыл реңктері шиеленіс сезімін тудырады. Көрерменге тоқтап ой жүгіртуге және байыппен қабылдауға мүмкіндік береді. Соғыс әр адамға, әр отбасына әсер етті. Сүретші соғыс трагедиясын ашық көрсетпей, бояу түстерімен жоғары драмалық образдарды сипаттаған. «Шабандоз»- триптихтың сол жақ бөлігі. Еркін даланың шабандозы екі бірдей аяғы жоқ. Ол енді ешқашан атқа мініп шаба алмайды. «Домбырашы» – музыкант- оң жақ бөлігіндегі кейіпкердің қолы жоқ, ол енді ешқашан домбыра тарта алмайды. Орталықта «Қалындық» – қаралы. Отағасынан айырылып қайғыруда. Триптихта негізгі мағынаны көтеретін ол ортаңғы бөлігі. Ал Тоғысбаев қанық қызыл түсті оң және сол жағындағы бөлігіне де белсенді енгізе трагедиялық нотаны айқындатады. Осылай, соғыстың қанды шеңгеліне ілінген үш адамның тағдырын триптихта өзек етіп отыр.
Қазақ елін ұлаңғайыр даласыз, даласын ән мен күйсіз елестету мүмкін емес. Егер домбыра шертілмесе, ән шырқалмаса, сәйгүлік бәйгеге, шабандоз – додаға түспесе, қалыңдық қара жамылса бұдан өткен қасырет бар ма?
Міне, осылайша дарынды суретші кенеп және майлы бояу көмегімен мүгедектер мұңын даралап сомдау арқылы оқиғаны барынша ширықтырып, шыңына жеткізді.