Жаңалықтар

Невзоровтар   музейінде  көрермен аса ыждахаттылықпен асыға күтетін тағы бір көрменің ашылу салтанаты өтті. Көрме атауына сай Ұлылар үндестігін бек құрап тұр.

Иә, өнер деген үлкен ұғым қасиетінің арқасында ұлылардың үндесуі заңдылық. Көрме үш ғасыр дәурен сүріп келе жатқан рухани мәдениеттің үш бұрышында өзіндік қолтаңба қалдырған үш ұлы тұлғаға арналады. Бірі Ақын – Абай Құнанбайұлы, бірі Жазушы – Мұхтар Әуезов, бірі Суретші – Евгений Сидоркин. Үш алыпты біріктірген сарқылмас қазынамыз – әлем мойындаған «Абай жолы» роман эпопеясы. Жазылғанына биыл 80 жыл толған «Абай жолы» дүниежүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылуда. Сұңғыла суреткер өзінің тарих алдындағы жауапкершілігінің терең екенін сезіне отырып, он екі жыл бойы зерттеп, жазу үшін отыз жылдай ғұмырын сарп етті. Қоғамтанушылардың айтуы бойынша, романдағы тарихи баяндаулар өмір орын алған оқиғаларға негізделген болып саналады. Автор роман-эпопеядағы шиеленіскен түйіндерді бес жүзден астам кейіпкерлердің іс-әрекетімен астастырып баяндаған Романда қазақ қоғамының экономикалық, саяси құқықтық, отбасылық, діни, мәдени-тарихи моральдық тыныс-тіршілігін кеңінен қамту арқылы, сан қырлы тұтас галереясы көрсетілген.

Ұлы философтың тәңірден берілген ақындық қасиеті арқылы, қайтсем де қазақ халқын білімнің шыңына шығарамын деп, надандықпен күресіп, мыңмен жалғыз алысқан өр бейнесін жазып көрсету Әуезовтың ғана қолынан келді.    Абайды Абай еткен Мұхтар ғана, Мұхтарды Мұхтар еткен Абай дана. Қалайша бас имейсің оған, сірә! — деп көңіл қошын білдірген жазушы Мағжан Жұмабаевтың сөзі екі дара арнаның бір мұхитқа толысқанын меңзейді. «Абай жолы» романына иллюстрация жасау арқылы еңбегі тарихта қалған тағы бір тұлға – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші Евгений Сидоркин. 1960 жылдары Абай жолын оқыған қылқалам шебері өз естелігінде М.О.Әуезовтың «Абай жолы» роман эпопеясы жайлы былай деді: «Абай» романын алғаш оқығанда бұл шығарманың суретші-графикке мол мүмкіндік беретінін ұқтым. Қазақ тарихына, ұлы ақынның шығармашылығы мен өміріне, роман авторының лирикалық, азаматтық, философиялық ойларына өз көзқарасымды білдіру қажеттілігі туындады. Мұхтар Омархановичпен біріге отырып, болашақ графикалық парақтардың түйінді сәттері белгіленді. Мен өз суреттерімде Әуезов романының рухын бейнелеуге тырыстым. Романның тілі, оның реализмі менен тақырыпқа таза реалистік көзқарасты қажет етті. Мен таңдаған линолеумдағы гравюра әдісі кітапқа басуға ең оңтайлы шешім». Автор беттік және қос беттік иллюстрациядан тұратын, он алты линогравюра жасады. Анық ырғақты, иірімді штрих, қою қара және ақ түстердің алмасып келуі ой қанықтылығы Е.М.Сидоркин иллюстрациясын Қазақстанның кітап графикасының шыңына шығарды. Араға оншақты жылдар салып «Әлем әдебиеті» кітапханасы сериясына екі томдық болып енген М.Әуезов романын көркемдеуді қайта қолға алды. Бұл жолы литография тәсілін қолданып, жиырма төрт беттік иллюстрация және екі мұқаба тысын жасады. Литографияның жұмсақ реңі, мүсінге тән бейнесі ауқымды жұмысқа ереше мәнер дарытты. Суретшінің телегей теңіз еңбегі бағаланып, 1970 жылы Ш.Уалиханов атындағы Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығымен қатар түрлі марапаттарға ие болды.

Көрмедегі автордың графикалары тексті безендірген иллюстрациялар емес, заман болмысын терең бейнелеген әдеби шығармамен парапар өзіндік графикалық эпопея деуге тұрарлықтай.Бұл көрмеде қойнауы тарихқа толы қазыналы өлкеміздің мәдени ошақтарына айналған үш бірдей өнер мен білімнің ордасынан жинақталған картиналар мен құнды кітаптар көрермен назарына ұсынылуда. Атап айтсақ, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы қорынан Е.М.Сидоркиннің «Абай жолы» романына жазылған 23 иллюстрациясы, Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі қорынан 16 графика, 8 кескіндеме, жұмысы және Абай облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасынан құнды ақын, жазушы, суретшіге байланысты сирек кездесетін құнды 41 кітап жиынтығы көрермен назарына ұсынылуда.

Көрменің ашылу салтанатында Абай облысы әкімінің орынбасары Байбеков Ш. З., Невзоровтар музейінің директоры, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері Стромская Т.А., Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрамбаева М. С. сөз алып, үлкен іс-шараның ашылуымен құттықтады. Көрмені тамашалаған көрермен суретшілердің шығармашылығын көріп қана қоймай, Абайдың әндерін қобыз үнімен тыңдады.

Иә, өткенге қайтып орала алмайсың, өлген тірілмесі хақ. Бірақ, үндестік тапқан ұлылар шығармашылығы саф алтындай жалтылдап, шамшырақтай жарқырап мен мұндалайды. Оған назар салмау, көңіл аудармау мүмкін емес. Білімнің тереңіне бойлап, өнерді жанына серік еткен жас дос, бұл көрменің парқына жетіп, мән-мағынасына үңілсеңіз, уақытыңыздың зая кетпегені.