Бүгін мұражайымыз атымен аталған тұлға – Юлий Владимирович Невзоровтың туған күні.
Бұл оқиға 1987 жылы болды. Семейге мәскеулік коллекционер Ю.В. Невзоров өз коллекциясының көрмесін ұйымдастыруға шақырылған болатын. Қаламыздың қошеметі, қала тарихы, шынайы туындыларды тамашалауға асығатын көрермендер легі, өнер бөлімі қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі, қала басшылығының көзқарасы – осының барлығы өнерді жан-тәнімен сүйген жанды өте қуантты. Бәлкім, Юлий Владимирович Қазақстан жерінде болатынын тіпті елестетпеген де шығар, соған қарамастан ол өз қазынасын, тура айтқанда – ХVIII ғасырдың соңы – XX ғасырдың басындағы орыс өнерінің ұлы шеберлерінің картиналар жинағын мәдени және рухани қаламыз Семейге сый етті.
Невзоров коллекциясы орыс пейзаж кескіндемесінің дамуын қадағалайтын жүйелі жинақ болып шықты. Невзоровтар отбасының сыйы мұражайдың ашылуына қуатты серпін берді. Қазақстанның бейнелеу өнері мен Невзоровтар коллекциясына негізделген музей қазір Қазақстандағы маңызды музейлердің бірі болып табылады.
Юлий Владимировичтің өзі жайлы айтып кеткім келеді. Ол 1913 жылы Иркутск қаласында дүниеге келген. Жеті жасқа толғанда, отбасы Мәскеуге көшті. Ю.Невзоров құрылыс-жобалау техникумын, кейін Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын бітірген. Ол ГИНСТАЛЬКОМда инженер-зерттеуші міндетін атқарушы болып жұмыс істеді. Өзінің алғашқы суретін 17 жасында сатып алған. Юлий Владимирович тек реалистік бағыттағы өнер туындыларын жинады. Бейнелеу өнері туындыларын жинап, зерттеу – Ю. Невзоровтың өмірінің мәні және құмарлық, серпін, қуат беретін күші болды.
Юлий Владимирович ұзақ, қызықты, оқиғаларға толы өмір сүрді, ол іскер, жігерлі адам болды. Ол еліміздің мәдени дамуына орасан зор үлес қосып, өшпес із қалдырды.