Ел ішіне ғана емес өзге де елдерге аты жақсы мәлім тұлғалардың бірі қазақтың дүлділ ақыны Жамбыл Жабаев. Осы жылы ақынға құрмет ретінде еліміздің түпкір-түпкірінде түрлі іс-шралар әлі де атқарылуда. Біздің музей тарапынан жыр алыбын қылқаламмен паш еткен суретшілердің картинасын халық назарына ұсынамыз. Ақын туралы деректі салынған суреттер оның өмiрiнiң тек соңғы он жылына ғана қатысты. Тарих үшін Жамбылдың өзiн көзімен көріп отырып, бейнесін жасаумен айналысқан суретшілердің еңбегі айрықша.
Жыршы тақырыбына қылқалам тартқан шеберлердің бірі Баранов Константин Яковлевич. Суретші Жамбылдың литографиялық портретін жасап, кейіпкерінің төңiрегiне ақын жырының мазмұнына сай келетін бірнеше оқиғалы керiнiстер салған. Портретте кейіпкердің салмақты кейпін, тұлғасының сымбаттылығын, ойлы қалпын баса бейнелеуге көңіл аударған. Ақын бейнесінен даналықтың, мейірім мен табандылықтың нышандары бой көрсетеді. Мұнда өз поэзиясының құдіретін жете сезінетін, адамзаттың өмірі үшін өнердің қандай құдіреті барын тереңнен байыптайтын қоғам қайраткерінің бейнесі бар. Баранов тек ақ пен қара түстерді қолдана отырса да, қараның әр қилы градациясы мен байлылығын ашып көрсеткен. Жамбыл бейнесі монументалді көрсетілген. Суретке қарағанда Жамбылдың шапанының қалыңдығы мен басындағы бөрігінің жүнінің фактурасы, адамның терісі мен ордендердің металы, домбыраның ағашын сезіне аламыз. Гравюраның артқы бөлігінде негізгі кейіпкердің өмір жолымен тығыз байланысты оқиғалар бейнеленген. Олар ақынның образын ашуға септігін тигізеді. Жамбылдың өлең жолдарында сан мәрте қайталап жырлаған туған өлкесінің кең байтақ жазық даласы, қатпарланған тау жоталары бейнеленген. Қазақтың ұлттық киіміндегі еңбекқор, жанашыр адамдарын байқаймыз.Оң қапталда орналасқан текеметтің бетіндегі ою- өрнек иірімдеріндей қазақтың басынан небір зұламат замандар өтті. Алдарына отар- отар қойларын салып айдап, жайсаң жатқан елдің тыныштығын, зеңбіректер мен аспаннан оғын қарша боратқан жауыз жаудың ұшақтарының дауысы бұзады. Әр ауылдан майдан шебіне аттанып жатқан сансыз үлкенді-кішілі ер азаматтарды бірінің анасы, бірінің жан-жары жүректері қан жылап шығарып салуда. Киіз үйдің алдында ауылдың шал-шауқандары, әйел қауымы мен сәбилер қала берді. Ер жүрек ерлер намысты тақымға қысып, арқаларына қару асынып соғысқа аттана берді. Ал қан төгіс майданның ортасындағы жауынгерлерді жеңіске бір табан жақындатып, бойларына рух пен күш жігер дарытқан Жамбыл бабаның жігерлі жырлары еді. Ақынның «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы поэтикалық творчествосының шыңы десе болғандай. Көптеген данамен плакат етiп бастырып шығарып, қоршаудағы қаланың кез келген жерiне iлiп қойылған бұл өлең Ленинград тұрғындарына ақынның жүрек сәлемiн жеткiзiп, демеу берiп тұрғандай еді.
Біздің музей қорымызда сақталған, 1973 жылы салынған «Жамбыл» атты литографияның авторы жайлы бірер сөз қозғасақ… Баранов Константин Яковлевич 1910 жылы Горький облысының Большое Козино селосында туған. Ол 1928- 1930 жылдары Иркутскінің көркемсурет шеберханасында оқыған. 1931 жылы Новосібірге қоныс аударған. 1939-жылдың шілде айында қызыл Армия қатарына шақырылады. Халхинголдағы ұрысқа қатысып, жарақаттанады. 1941 жылы суретші қайта қару асынады. Старая Русса маңында жарақаттанады, соғысты Австрия жерінде аяқтайды. Әскерден 1946 жылы босап, Алматыға оралады. 1947 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік баспасының бас суретшісі peтiнде көптеген плакаттар, кітап иллюстрациялары мен суреттерін жасайды. Оның шығармалары өте ұқыпты, шебер орындалған, образдың жүйесi тереңнен бастау алады. Отан үшін от кешкен жүректері жалынға толы, қолдарына қарумен қатар қылқаламдарын қоса сүйрей жүрген майдангер суретшілердің ерлігі екі есе. Олардың аяулы есiмдері ұрпақтар жадында мәңгісақталуға тиіс. Өмірі аңызға айналған ақынның, дүлдүл жыршының образы суретшілер мен мүсіншілердің, жазушылар мен композиторлардың назарын өзіне бұрын да аударып келген, әлі де талай аудара берері сөзсіз.
Түрлі заманды бастарынан өткере жүріп, артына қалдырған мәдени мол мұралары үшін осындай зор тұлғалардың халқына жасаған еңбектеріне басымызды иіп, алғысымызды айтамыз!
Ал, Жамбылдай жыр алыбының шығармашылығымен ұлтым деп соққан әр азамат танысып, мақтан тұтуы керек.
Дайындаған: музей қызметкері Муратбекова А.Б.