Жаңалықтар

   Киелі ән әлемінде патшайым атанған, қазақ елінің маңдайына біткен жарық жұлдызы Роза Бағланованың әуелеген әндері халық жадында мәңгі қалды. Биыл жер-жерде Роза Тәжібайқызының  дүниеге  келгеніне 100 жыл толған  мерей тойы тойлануда.  Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде де игі іс-шаралар өтті. Кеш ұйымдастырушылары Абешова Жанар   мен Муратбекова Арайлым  әншіге арналған өлең жолдарын оқып, автордың өмірбаяны мен шығармашылығы туралы мағлұмат берді. Көрермендер фильмдерден үзінді көріп, Роза Тәжібайқызының заманына барып қайтқандай болды. Кеште шырқалған әуезді әндерге құлақ тұнып, көңіл ұйыды. Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училище оқытушысы Аширова Әйгерім  Роза апамыздың репертуарынан бірнеше әндер орындаса Пляскина Оксана концертмейстер болды. Студенттер орталық және музей кітапханаларынан жинақталған әнші жайлы жазылған кітап, журналдармен танысты. Күміс көмей, жез таңдай әнші Бағланова Роза Тәжібайқызының өрелі өнері мен өнегелі өмірі жас ұрпаққа мақтаныш болып қала берері сөзсіз.