Жаңалықтар

   Виктор мен Анна Омбы қаласында көркемсурет  училищесінде оқып жүрген  кездерінде  танысады. Оларды классикалық кескіндемеге деген жалпы қызығушылықтары жақындатады. Оқуды аяқтағаннан кейін Виктор Алма-Ата қаласына келеді, көркем сурет студиясында Н. Крутильников, А. Черкасскийлардан дәріс алады. Анна Несина,  Новосібір облысы Маслянино ауылының тумасы,  күйеуімен бірге  Қазақстанға келеді. Олар 1947 жылдан бастап Семей қаласында өмір сүре бастады.  Сол кезеңде қалада «КазИЗО серіктестігі» (кейіннен Қазақстан суретшілер Одағының Қазақ Қорының көркем шеберханалары болып өзгертілген) құрылған кез еді.

   Бұл уақытты Семей көркем өмірінің тарихында алтын кезең деп атауға болады. Қайталанбас суреті мен жарқын даралығы бар талантты шеберлер көп болған, олардың арасында Виктор Сухов пен Анна Несина да бар еді. Көркем-өндірістік шеберханаларда ерекше шығармашылық атмосфера орнаған. Суретшілер қаланы безендірумен, мерекелік іс-шаралармен айналысқан, пленэрге барып, көрмелерге қатысқан. Осы кезеңде сұлулығы мен  шеберлігі жағынан ғажайып өнер туындылары жарық көрді.

   1950-1960 жылдары Виктор Сухов пен Анна Несина біздің қаланы республикалық көрмелерде таныстырды, бірлескен тақырыптық суреттер де орындады. Қазақ КСР-нің 30 жылдығына арналған көрмеде ұсынылған жұмыстар жоғары бағаға ие болды. «Жамбыл Жабаевтың портреті»  және «Қазақи  биязы жүнді қой отары» музейлердегі көрме үшін өнер істері жөніндегі басқарма комиссиясымен сатып алынды. Қазір олар Алматыдағы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қорында.

   Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінің қор жинағында Виктор Васильевичтің және Анна Денисованың графикалық және көркем туындылары: пейзаждар, натюрморттары сақталған, бірақ портрет жанры үлкен орын алады.

   Виктор Васильевич  «Ғ. Төребаевтың портретінде» абыройы жоғары, ерік-жігері бар, ойлары мен сезімдерінің  әлемі бай  адамның бейнесін сенімді түрде көрсетеді.  Ол суреттегі адамды  жақсы білген, олар достар  болған, портрет аса сүйіспеншілікпен және шын жүректен салынған. Ғалиақпар Төребаев (1900-1986) — белгілі педагог, театр қайраткері. Ол сауатсыздықты жою жолында үлкен жұмыс атқарған, біздің облысымызда алғашқы  кеңестік қазақ мектептерін ашқан. 1919 жылы Абай ауданында мектеп ашылады. Тамаша білімді және әртістік қабілеті бар тұлға еді.  Ғ. Төребаев қазақ жастарының «Ес-аймақ» («Просвещение») алғашқы театр труппасының бастамашысы және ұйымдастырушыларының бірі болды. Бұл республикадағы алғашқы жартылай кәсіби труппа еді. Оның құрамына: М. Әуэзов, Ә. Қашаубаев, Ж. Шонин, Ж. Елебеков, И. Байзақов  және т.б. кірді.

   «Ғ.Төребаевтың портреті»  Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінің тұрақты экспозициясында ұсынылып отыр, оның қасында  Анна Денисованың автопортреті  ілініп тұр.  Көрерменге әйел бейнесі таныстырылуда. Ол өз-өзіне сенімді, сонымен қатар ішкі жан-дүниесінің болмысын аңғарғандай оның көзқарасы көрерменге турасынан бағытталып  тұр. Портрет шынайы мәнерде орындалған. Көркем бояулар  жұмсақ, кескіндеме тыныш, жайлы. Мұндай көркемдік мәнер суретшінің көптеген жұмыстарына тән.  Ол кең аңғарлы Ертіс өзені мен реликті орманның  сұлулығын жырлайтын көптеген этюдтер жазады. Көптеген  көркем туындылары  акварель техникасында орындалған. Көркем кескіндемеден тыс Анна Денисовна Семей қаласындағы Алматы темір жолының Түрксіб тарихы музейін  құрумен айналысқан.

   Виктор Сухов пен Анна Несинаның ұлы Евгений Сухов өз ата-анасының ісін жалғастырады. 1980 жылы қалалық №1 балалар көркем мектебі ашылды. Дарынды педагог және кескіндемеші Е. Сухов директор қызметіне тағайындалды. Евгений Викторовичтың туындыларын жылылық және мейірімділік ерекшелейді, оның пейзаждары лирикаға толы.

   Виктор Сухов пен Анна Несина тек ерлі-зайыптылар ғана емес, олар шығармашылық жағынан да жақын адамдар болып табылады.

   Олар біздің қаламыздың тарихы мен мәдениетіне шығармашылықтың қандай да бір жаңашыл, тиімді, жылы тынысын енгізгендердің бірі еді.

   Музейдің ғылыми қызметкері  Ильвира Халитова.