Фёдор Васильев «Приближение грозы»

   Тағдырдың өзі үлкен дарын сыйласа да, аз ғана ғұмыр берген суретші Васильев Фёдор Александрович (1850-1873) жайлы Крамскойдың өзі «Дана бала» деген. Аз ғана өмірінің 6 жылын кескіндеме өнеріне арнаған жас, қабілетті суретші пейзажист.

   Федор Александрович Гатчина қаласында Петербургтік қызметкер отбасында дүниеге келген. Үлкен жолға алғашқы қадамын пошташылықтан бастап, кейіннен реставратор шебердің көмекшісі болады.

   15 жасында көркемөнерді ынталандыру қоғамының сурет мектебіне барады. Ашық-жарқын жасөспірім өзінің талантымен тәжірибелі шебер И. Крамскойды, студент И. Репинді және өзінің ұстазы И. Шишкинді де таң қалдырады. Сөйтіп тез арада өз ортасында беделге ие болады. 20 жасында Федор қалыптасқан суретші қатарына да қосыла бастайды. И.И. Шишкинмен Ваалам аралына, граф П.С. Строгановпен Тамбов губерниясының Знаменское ауылына және И.Е. Репинмен Украинаға 1870 жылы Волгамен баруы дарынды баланың талантын ашуға ықпал жасады.

   Өмірінің соңғы жылдарын өкпе ауруына шалдыққанына байланысты Қырымда өткізді. Қырым жерінде ол көптеген суреттерін қарындаш, су бояу, сепиямен жазды. Ф. Васильев  23 жыл жасаған  ғұмырында, орыс кескіндеме өнерінде нық орын тапқан суретшілердің жұмыстарымен қатар тұратындай туындылардың авторы болды.

   Музей экспозициясындағы «Нөсер алдында» картинасы автордың шығармашылығының өркендеу кезеңінде жазылған жұмыстарының бірі. Бұл туындыда автор өзіне ғана тән тәсілді пайдалана отырып, табиғаттың құбылмалы жағдайын көрсете білді. Жарқыраған күн сәулесі мен түнерген қара-ала бұлттың кенеп бетіне қатар түсуі күрт бір өзгерістің болатынын байқатады. Біраз жел соқса нөсер құйып өтететіндей әсер бар. Әрбір талшықты жандандыра отырып шынайлылыққа жеткізуге тырысқан. Бояу түстерінің осыншалықты әуенді, үйлесімді түсуі тек қана Федор Васильевтің мінез құлқына сай келеді.

Scroll to Top